ӘКІМДІКТІҢ ЖҰМЫСЫ ЖЕҢІЛДЕДІ

Енді еліміздегі жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау қызметі Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырында болады. Бұған дейін, дәлірегі, 2014 жылдан бастап бұл қызметті орындау облыс әкімдіктерінің қолында болатын.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Жерді пайдалану және қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспектор Мұрат Теміржанов хабарлады.
Өз сөзінде Мұрат Теміржанов 2021 жылғы 30-маусымда жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша, оның ішінде жерді ұтымды пайдалануға мемлекеттік бақылауды көздейтін заңға қол қойылып және қабылданғанын хабарлады. Құжатқа сәйкес жер беру жөніндегі функцияларға әкімдіктердің уәкілетті болуы сақталған. Бірақ жергілікті атқарушы органның жерді беруі мен пайдалануын және жерді меншік иелерінің, жер пайдаланушылардың аумақтық департаменттер құру арқылы пайдалануын бақылау жөніндегі функциялар еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетіне берілген.
Бас мемлекеттік инспектор жер қатынастары басқармалары мен жер инспекциялары бір мемлекеттік органның құрамына кіргендіктен, белгілі бір сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен мүдделер қақтығысы туындағанын, мұның өзі аталған заңның қолданысқа енуіне ықпал еткенін айтады. Және де ол бұл мәселеге былтыр 2021 жылғы 19-наурыздағы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссия назар аударғанын алға тартады.
Мұрат Теміржанов айтып отырған Жер реформасы жөніндегі комиссияның бұл мәселеге назар аударғаны айдан анық. Мәселен, сол комиссия құрамына енген Мұхтар Тайжан тап осы мәселе туралы «жер инспекторларының жергілікті әкімдерге бағынышты болуы қисынсыз. Әкімдер бір қолымен жерді бөліп береді, екінші қолымен өзін-өзі бақылап отырады. Бақылау қызметі жер агенттіктерінің құзырында болу керек. Ал жер агенттіктерін Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырынан шығарып, тікелей Президентке бағындыру керек»,- деген.
Ал Мұрат Теміржановтың сөзіне үңілсек, бақылау қызметі әкімдік құзырынан шығарылғанмен, министрліктің уысында екенін, бұдан мәселе түпкілікті шешілмегенін аңғару қиын емес.
Орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифингте Мұрат Теміржанов былтыр Қазақстанның барлық аумағында ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану бойынша космомониторинг жүргізу әдісі арқылы 3,6 млн гектар пайдаланылмаған жер ерікті түрде қайтарылғанын мәлімдеді.
Дәл осы космомониторинг туралы ағымдағы жылдың 14-ақпанында «Хабар» арнасындағы «Бүгін» бағдарламасының алаңында қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан «Жер туралы талай рет айттым. Жерді босатпай ешқашан инвесторлар келмейді. Және жұмыссыз, үйсіз жүрген ауыл балаларына жұмыс тауып бере алмаймыз. Жер жоқ болса олар не істейді?! Бүгінгі таңда Үкімет космомониторингті ашпай жатыр. Ол былтыр мүлдем істемей тұрды. Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі болған Сапархан Омаров та, ведомстваның қазіргі басшысы Ербол Қарашөкеев те оны жауып тастады. Ал космомониторингсіз біз жерді босата алмаймыз»,-деп келтірген болатын.
Сонда Мұрат Теміржановтың айтып отырғаны қандай космомониторинг?