ТЕҢГЕНІҢ ТЕҢСЕЛУІ АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН ШАРЫҚТАТТЫ

Украинадағы оқиғалардың әлемдік экономикаға әсері байқала бастады. Рубльдің құлдырауы теңгені де теңселткені белгілі. Импорттың жартысына жуығы солтүстіктегі көршімізден келетінін ескерсек, мәселеге бей-жай қарауға болмайтынын айқын аңғарамыз. Импорттық тауарларды былай қойғанда, қарапайым үйдің маңындағы дүкендер де бағаны негізсіз көтеріп тастаған жағдайлар кездесіп жатыр. 

Мемлекет бағаны бақылауға алғанымен, әлі де толық жүгендемегені белгілі. Десе де қол қусырып отыратын уақыт емес. Осындай сын сағатта тиісті сала мамандары, министрлік, жергілікті атқарушы билік тарапынан қандай шаралар қолға алынып жатыр?
Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының өсуіне байланысты мәлімдеме жасады. Ведомстваның мәліметінше, Қазақстан азық-түлік тауарларымен толықтай қамтамасыз етілген. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының және импортқа тәуелді тауарлардың айтарлықтай қоры да жасақталған.
«Тұрақтандыру қорларында 27,4 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сақталуда, оның ішінде: ұн, қант, макарон, күріш және т.б. көкөніс өнімдерін жеткізуге форвардтық келісімшарттар жасалды. Ағымдағы жылғы 24 ақпандағы жағдай бойынша тұрақтандыру қорларында 27,4 мың тонна ӘМАТ сақталады, оның ішінде ұн – 11,5 мың тонна, қант – 3,8 мың тонна, макарон – 1,5 мың тонна, күріш – 0,8 мың тонна және т. б. шамамен 124,5 мың тонна ӘМАТ жеткізуге, оның ішінде картоп – 45,7 мың тонна, пияз – 12,5 мың тонна, сәбіз – 13,2 мың тонна және т.б. жеткізуге форвардтық шарттар жасалды» делінген хабарламада. Ал сауда желілері одағының деректеріне сүйенсек, ритейлерлер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қорымен кем дегенде 30 күнге қамтылған. Қорлар келісімшарт есебінен ең төменгі сауда үстемесімен белгіленген бағада сатылады.
Ал үйдің жанындағы азық-түлік дүкендеріндегі бағаның көтерілгеніне келсек, алыпсатарлықпен байланысты болып шықты. Бұл бойынша жергілікті әкімдіктер шара көріп жатыр. «Азық-түлік тауарларының негізгі түрлерінің нақты және бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықты отандық өндіріс тауарларымен толықтыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлаймыз. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 2024 жылға дейінгі жоспар әзірленді», — деді министрліктегілер. Жоспар толығымен жүзеге асса, отандық өндіріс есебінен ішкі тұтынуды 100 пайыз қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Айта кету керек, қазіргі уақытта қант, тауық еті, сүзбе сияқты тауар түрлері бойынша импортқа тәуелдіміз.