АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ЖАҢА ӘДІСПЕН ТАҒАЙЫНДАЛМАҚ

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде орын алатын заң бұзушылықтар жайлы жиі айтылып та, жазылып та жүр. Мемлекет тарапынан берілетін көмекті қолды қылғандар турасында да мәлімет жиілеп барады. Көптің ойында, сөзінде жүрген жайттардың министрлікке жетпейтіні жұртты қынжылтып та жүрген. Сөйтсек, қателесіппіз. Мұндай ақпараттан министрлік те хабардар болып шықты. Ашып айтсақ…

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде заң бұзу фактілерін болдырмау үшін бүкіл процесс орталықтандырылған форматқа ауыспақ. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде айтты. Ведомство басшысының сөзінше, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 198,4 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Бұл 2020 жылдың көрсеткішінен 7,4% жоғары.
«Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан 517,2 мың балаға кепілдік берілген әлеуметтік топтама берілді. Оның ішінде 259,4 мың мектеп жасына дейінгі бала, 257,8 мың мектеп жасындағы бала бар. Кепілдік берілген әлеуметтік топтама төлеуге 20,5 млрд теңге қарастырылған. АӘК алушылар санының өсуіне байланысты 2021 жылы министрлік қызметкерлері АӘК тағайындауға көшпелі мониторинг жүргізді. Оның қорытындысы бойынша жекелеген өңірлерде заң бұзу фактілер анықталды. Бұл көмек алушылардың өсуіне әкелді. Мысалы, Шымкентте 2021 жылдың қорытындысы бойынша АӘК алушылар санының өсуі 28,5% болды», — деді министр. Орын алған заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау бойынша ашықтықты қамтамасыз ету үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы орталықтандыру жұмыстары да басталып кеткен.
Цифрлық жүйенің қыр-сырын түсіне бермейтін азаматтар үшін атаулы әлеуметтік көмек алу қиындап кетпесе игі. Бөлінген қаржы тиісті жерге жетуі үшін барлық шаралар қаралып жатыр. Әйтсе де адамнан айла артылған ба?! Қол қусырып отырғаннан гөрі, нақты іске көшкен министрліктің бастамасы құптарлық-ақ. Нәтижесін уақыт көрсетер…