КӨЛЕҢКЕДЕГІ КӘСІПКЕРЛЕРДІ АНЫҚТАУДЫҢ ТАҒЫ БІР ЖОЛЫ ТАБЫЛДЫ

Қазір кімнің кәсіпкер, кімнің жеке тұлға екенін ажырату қиындап барады. Осыған байланысты Қаржы министрлігі жаңа заң жобасын әзірледі. 

 

Соған сәйкес белгілі бір адамның шотына әр ай сайын үш ай бойына 100-ден аса аударым жасалса шот иесі туралы жеке деректерді банк Кірістер комитетіне беруге міндетті болады. Салықшылар ол аударымдардың табыс көзі екенін анықтайтын болса, шот иесі салық төлеуге міндеттеледі. Мұндай заң жобасын әзірлеудің басты мақсаты – жеке тұлғаларды кәсіпкерден ажырату. Тиісінше, салықтан жалтарған кәсіп иелерінің өтірігін су бетіне шығару. Тиісті ведомства әзірлеген заң жобасы қоғам талқысына шығарылды. Құжат 2-наурызға дейін ел назарына ұсынылады.
Егер заң жобасын Парламент мақұлдаса, еліміздегі әр тұрғынның мобильді аударымы жіті қадағаланатын болады.

«Уақыт».