ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ҚАРЫЗЫ КӨБЕЙГЕН

Елімізде екінші дейгейлі банк пен қаржы ұйымдары арқылы несие рәсімдеген 6,16 млн тұрғынның берешегі  10,76 трлн теңгені құрайды. Қарыз ақшаның көлемі былтырмен салыстырғанда 42,9 пайызға жоғары. Бөлшек несиенің 90,3 пайызы екінші деңгейлі банктер арқылы берілген.

Бұл ақпаратты Бірінші несие бюросы таратты.

Бюро ұсынған деректерге сүйенсек екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдары арқылы рәсімделген жалпы сомасы 10,76 трлн теңге бөлшек несиенің басым бөлігін немесе 5,28 трлн теңгесін кепілсіз несиелер құрайды екен. Ал ипотекалық несие үлесі — 3,39 трлн теңге, автонесиелеу — 1,09 трлн теңге, несие карталары — 348,3 млрд теңге жəне кепілді тұтынушылық несиелер 498,3 млрд теңгеге жетеді.

Қарыздардың көбі  Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Алматы, Түркістан облыстарында рәсімделген. Елдегі бүкіл қарыздың 44 пайызы аталған төрт аймақтың үлесінде.

2022 жылдың 1-қаңтарындағы жағдай бойынша былтыр несие жүйесі 333 мың қарыз алушымен толыққан. Яғни былтыр осыншама адам алғаш рет несие алуға бел буған. Олардың  бұрын-соңды несие тарихы болмаған. Алғаш рет рәсімделген несиелердің жалпы сомасы 118,5 млрд теңгені құраған.

Жуырда Ұлттық банк Қазақстанның сыртқы қарызы 166 млрд долларға жетіп отырғанын мәлімдеді. Сыртқы қарыз көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға көбейгені де  айтылады. Көп ұзамай Бірінші несие бюросы қарызға батқан ел тұрғындарының да қатары көбейіп, берешегі артып жатқанын алға тартып отыр.

Десе де «Қарыз алдың – қайғы алдың» деген сөз тегін айтылмаған. Сондықтан да қарызға батқаннан гөрі, одан құтылуға асыққан мемлекет үшін, ондағы тұрғындар үшін тиімді екеніне әлден бас қатырған абзал сияқты.