МЕМЛЕКЕТКЕ КЕЛГЕН ЕҢ ҮЛКЕН ЗАЛАЛ – АДАМДАРДЫҢ АЖАЛ ҚҰШУЫ
Жыл басынан бері Қазақстанда орын алған дүрбелең – алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11-қаңтарда Мәжілісте жасаған мәлімдемесінде елдің 11 аймағын қамтыған дүрбелең туралы осындай ой айтты.
Ол шабуылды ұйымдастырушылар халықтың газ бағасының өсуіне қатысты наразылықтарын құрал ретінде пайдаланып, бейбіт шеруге шыққандарды қалқан еткенін атап өтті. Олар түпкілікті мақсатын іске асыра алмады. Бірақ мемлекетке және бизнеске үлкен көлемде залал келтірілді. Бұзақылардың әрекетінен әлеуметтік маңызы бар нысандар, сауда орындары мен мыңдаған бизнес субъектілері зардап шекті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, ел аумағындағы жаппай тәртіпсіздіктен бизнеске келтірілген шығын көлемі 103,7 млрд теңгеге (12-қаңтардағы жағдай бойынша) жетіп отыр. Бұл сома көлемі алдағы уақытта да өсе түсуі мүмкін делінген. Бірақ көп ұзамай яғни, 13-қаңтарда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кейбір кәсіпкерлер жұмысын тезірек бастау үшін бүлінген нысандарды өздері қалпына келтіріп, көмектен бас тартқаны, соның есебінен бұл шығынның көлемі 93,7 млрд теңгеге дейін қысқарғанын жеткізді.
Одан өзге 500-ге жуық полиция машинасы өртенген. Тағы бір қайғылы жағдай күштік құрылымдардың 18 қызметкері қаза болды. 1300-ден астамы жараланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10-қаңтарда өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммитінде бейбіт тұрғындардың арасында да қаза болғандар бар екенін, бірақ олардың нақты саны анықталу үстінде екенін мәлімдеген болатын. Бірақ әлі күнге дейін қарапайым тұрғындардың қаншасы қаза болғаны туралы мәлімет жарияланған жоқ.
Қаңтарда болған дүрбелеңнен келген залал көп. Иә, біраз нысандар мародерлар мен бұзақылардың қолымен қиратылды, тоналды. Өртке оранды. Талай кәсіп иелері шығынға батты. Мұның бәрі мемлекетке салмақ. Бірақ олардың барлығы қалпына келетіні айдан анық. Бұл дүрбелеңнің орны толмас өкініші қаншама бейбіт тұрғындардың оқ пен оттың ортасында қалып, ажал құшқаны…
Қазіргі таңда әлеуметтік желінің сол дүрбелең уақытта ізім қайым жоқ болып кеткен жүздеген адамды іздеу алаңына айналып кеткенін күйзеліссіз қабылдау мүмкін емес болып отыр…