ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ ҮРЕЙЛЕНГЕН КӨПТІҢ ҮМІТІН АҚТАДЫ МА?
Салдары талайдың көз жасына себеп болған қаңтардағы оқиға кезінде Шымкент қаласының әкімдігі қандай шаралар көрді? Жергілікті билік интернеттен қол үзіп, банкомат жағалаған жұрттың үрейін сейілте алды ма? Қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру жұмыстары қандай қарқынмен жүзеге асты? Сараптап көрейік…
ОҚИҒА НЕДЕН БАСТАЛДЫ?
Оқиға сұйытылған газ бағасының 100 теңгеден 120 теңгеге күрт қымбаттауынан басталды. Бұған наразы болған жүздеген адам алаңға шығып, бағаны түсіруді талап етті. Жергілікті атқарушы биліктің айтқан уәжіне қанағаттанбаған азаматтар ел президентінің келуі керек екенін алға тартты. Артынша Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарау үшін үкіметтік комиссия құрылды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов басшылық жасаған комиссия шұғыл іске кірісті. Нәтижесінде логистикалық шығындарды ескере отырып, Маңғыстау облысындағы АГТС-тері үшін газдың өзіндік құны тоннасына 136 723 теңге немесе литріне 80 теңге шегінде белгіленді. Дегенмен наразы тұрғындарды бұл қанағаттандырған жоқ. Наразылық акциясы да тарамады. Сондықтан үкіметтік комиссия мүшелері тұрғындармен кездесіп, белсенді топпен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде сұйытылған газ бағасы өңірде 50 теңгеге дейін түсетін болды.
Ал бұл уақытта әлеуметтік желіде жаңаөзендіктерді қолдауға үгіттейтін түрлі бастамалар көтеріліп, алаңға шығу ұсыныстары жиі жазыла бастаған еді…
ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕГІ ДҮРБЕЛЕҢ…
4 қаңтар күні Шымкент қаласының бірнеше жерінде адамдар топтала бастады. Тараған ақпарға сенсек, бұл уақытта қала әкімі Мұрат Әйтенов құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге Орталық жедел басқармада қаладағы барлық мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіріп отырған. Ал қала әкімінің орынбасарлары мен өзге де қызметкерлер халық алдына шығып, тұрғындардың талап-арызын тыңдаған. Жаңаөзенде орын алған оқиға бойынша үкіметтік комиссияның құрылып, жұмыс істеп жатқаны жеткізген. Дегенмен екі ауыз сөзге келмеген кей азаматтар әкімдік қызметкерлерін соққының астына алған. Тіпті, осындай жағдайлардың бірінде қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың жараланғаны да белгілі болды. Тұрғындармен жүздескен мамандар наразылыққа шыққан азаматтардың арасында арандатушылардың болғанын жазады. Артынша жиналған тұрғындар әкімдікке қарай ағылған.
Шамамен 4-5 мың адам әкімдік ғимаратына лап қойып, 6-қабатқа дейін қиратып тастаған. Бірқатар компьютерлерді қолды қылғаны да белгілі болды. 59 көлікті төңкеріп, сындырған. Жаппай тәртіпсіздік орын алып, қауіптің ауқымы артқаннан кейін құқық қорғау қызметкерлері су шашып, жиналған жұртты таратқан. Өкінішке қарай, мұнымен оқиға аяқталған жоқ…
5 қаңтар күні әкімдік маңына тағы да адамдар жиналды. Бұл күн де тыныш өткен жоқ. Дәл осы күні «Түркістан» сарайы қиратылып, «Көрме» орталығы жанып кетті. 1 әскери қызметкерге оқ тиді. Жиырмаға жуық құқық қорғау органдарының қызметкері жарақат алды. Кейінірек қаладағы жедел жәрдем көліктеріне де шабуыл жасалғаны белгілі болды. Дәл осы күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасап, қаскөйлердің оқиғаны қасақана ушықтырып отырғаны туралы мәлімдеді. Үшінші мегаполисте бүлікке қатысқан адамдарға іздеу жарияланып, жаппай тәртіпсіздікке қатысқан азаматтар ұстала бастады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орын алған лаңкестік жағдайлардан соң республика көлемінде 6-19 қаңтар аралығында төтенше жағдай режимін жариялады.
ӘКІМДІКТІҢ АЛҒАШҚЫ
МӘЛІМДЕМЕСІ
Қалада интернет қосылған сәттен бастап әкімдік ақпарат таратып, ойы сан саққа жүгірген жұрттың көкейіндегі бірқатар сұрақтарға жауап берді. 8 қаңтар күні Шымкент қаласында жасалған лаңкестік және жаппай бұзақылық әрекеттерге байланысты қала әкімі Мұрат Әйтеновтің басшылығымен арнайы штаб құрылғаны белгілі болды. Аталған штаб қаладағы стратегиялық маңызы бар нысандарды қорғап қалу үшін шұғыл шешімдер шығарып, дереу әрекетке көшті. Ол өз нәтижесін берді.
Әкімдік «Түркістан» сарайы мен «Көрме» орталығына, Ж.Шанин атындағы драма театрына зиян келгенін мәлімдеді. Сонымен қатар жаппай тәртіпсіздік кезінде «Метро» сауда орталығының тоналғаны белгілі болды. Атап айтсақ, наразылыққа келгендер нысан ішін қиратып, сөрелердегі спирттік ішімдіктер мен энергетикалық сусындарды алып кеткен. Оқиғаға қатысты қала әкімі:
«Қаламыздағы қауіпсіздік пен тыныс-тіршілік үшін керекті барлық жұмыстар бақылауымда. Қаладағы қоғамдық көліктер мен бизнес нысандары штаттық режимде жұмыс жасауда. Антитеррор іс-шарасы жүргізіліп жатқандықтан, қала тұрғындарын барынша үйден шықпауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырамын. Жастарымыз түрлі арандатушылыққа жол бермей, сабырлық танытуы керек. Қала тұрғындары мен қонақтарын комменданттық тәртіпті сақтауға шақырамын», — деді.
ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚАТЫНАСЫ
ҚАЛПЫНА КЕЛІП,
«ХАЛЫҚ САҚШЫЛАРЫ» САП ТҮЗЕДІ
Шымкентте болған жаппай тәртіпсіздік салдарынан 6 қаңтар күні қоғамдық көліктер бағыттарға шықпаған болатын. Бұл тұрғындардың қалыпты тіршілігіне кері әсер еткені де жасырын емес. Сондықтан 8 қаңтар күні әкімдік ресми түрде қоғамдық көліктердің штаттық режимде 07:00-21:00 аралығында қызмет көрсетіп жатқанын мәлімдеді. Дегенмен интернет байланысының шектеулігіне байланысты, төлем қолма-қол жүргізілді.
Бұдан бөлек, 6 қаңтар күні банкоматтар алдында ұзын-сонар кезек пайда болды. Себебі мегаполисте болған тәртіпсіздіктен кейін бірқатар банктердің банкоматтары істеген жоқ. Мұның себебі тонаумен байланысты еді.
Шымкент қаласында тұрғындар, белсенділер, танымал спортшылар мен спорт мектептерінің ұстаздары, дін өкілдері және өзге де сала мамандарынан құралған 500-ге жуық адамның басын біріктіретін «Халық сақшылары» деп аталатын жасақ құрылды. Олар тәртіп сақшыларына қолдау көрсетіп, мемлекеттік маңызы бар нысандар мен кәсіпорындарды күзетуге көмектесті. Тұрғындарды елді лаңкестерден қорғау үшін күш біріктіруге шақырды.
Белсенді топ елдің тұтастығына қарсы бағытталған бұзақылық әрекеттерді айыптайтынын, қала тұрғындарының өмірі мен мүлкіне зиян тигізетін, қоғамдық тәртіпті бұзатын лаңкестікке қарсы екендерін, сондай-ақ ерікті түрде, қоғамдық тәртіпті сақтауға белсене қатысуға дайын екендерін жеткізді.
МЕКЕМЕЛЕР ЖҰМЫСЫ ҚАЛЫПҚА
КЕЛЕ БАСТАДЫ
Шымкенттегі ахуал тұрақтала бастады. Төтенше жағдай режимі де қатаң бақылауға алынды. Барлық коммуналдық және қызмет көрсету кәсіпорындары қалыпты режимде жұмысын жалғастырды. Толығырақ тоқталайық…
8 қаңтардағы ресми мәліметтер бойынша, қала әкімдігі мен жұмыспен қамту орталығы 09:00-ден 18:00-ге дейін, медицина мекемелері 08:00-20:00 аралығында жұмыс істеді. Демалыс күндері емханалар мен ауруханаларда кезекшілік режимі іске қосылды. Ал халыққа қызмет көрсету орталықтарының интернет желісі толықтай қосылған кезде жұмысын бастайтыны белгілі болды. Әуежай мен темір жол вокзалы да қалыпты режимде жұмыс істей бастады. Таңертеңнен бастап әуе рейстері мен темір жол кестесін қалпына келтіру жұмыстары қарқын алды.
Қаладағы барлық базар 10:00-ден 18:00-ге дейін, сауда орталықтары кешкі 21:00-ге дейін жұмыс істеді. «Шымкент плаза» ойын-сауда орталығы ғана 8-9 қаңтар күндері жұмыс істеген жоқ. Дегенмен 10 қаңтардан бастап қалыпты режимде жұмыс істейтіні хабарланды. Дәл сол күні еліміздегі екінші деңгейлі банктер 10 қаңтарға дейін жұмыс істемейтіні, оған дейін тек банкоматтар ғана халыққа қолжетімді болатынын хабарлады. Кешіктірілген төлемдерге айыппұл салынбайтыны туралы «Каспи», «Отбасы банк», «Халық», «Еуразиялық банк», «Форте», «Центркредит», «Алтын банк» «Хоум кредит», «Альфа банк» өкілдері ақпар таратты.
10 қаңтардан бастап халыққа қызмет көрсету орталықтары өз жұмысын қайта бастады. Яғни азаматтарды жұмыс күндері 09:00-18:00 аралығында қабылдайтындарын хабарлады. Эпидахуалға байланысты барша медициналық талаптарды сақтау керегін ескерткен мекеме мамандары ХҚКО ғимаратына Ashyq қосымшасы арқылы «қауіпсіз» мәртебесі бар азаматтарға рұқсат екенін де тілге тиек етті.
ӘЙТЕНОВТІҢ ӘРЕКЕТІ
ҚАНДАЙ БОЛДЫ?
9 қаңтар күні қала әкімі Мұрат Әйтенов БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Онда әкім лаңкестік және жаппай тәртіпсіздік әрекеттерін жасады деген күдікпен 400-ден аса азамат ұсталғанын айтты. Олардың ішінде 155-не әкімшілік, 50-не қылмыстық іс қозғалған. Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылардың 40-50 пайызы шымкенттіктер болса, қалғаны республиканың өзге өңірлерінен келгені анықталған. Өңір басшысы қала тұрғындары мен тиісті сала басшыларына алғысын да айтты:
«Ең алдымен полицейлерге, мемлекеттік қызметкерлерге, әскерилерге, коммуналдық қызметкерлерге, қала белсенділері мен БАҚ өкілдеріне алғысымды айтамын. Сын сағатта ешбірі шет қалмай, ел тәуелсіздігі үшін бірлесе жұмыс жасады, қаланы қорғады. Арандатушылыққа қарсы тұрған шымкенттіктер – «қалаға зиян келтірмейік, өз қаламызды өзіміз талқандамайық, бұл біздің ортақ қаламыз» деп ұрандатты. Тыныштықты сақтау үшін жанын беруге дайын болды. Лаңкестерге ерген қаншама жастарымыз арандап қалды. Бүгінде қалада тыныштық орнады. Дегенмен, төтенше жағдай режимін сақтау маңызды. Бұзақыларды ұстау әлі де жалғасуда. Осы тұста, қала тұрғындары мен қонақтарына, құрметті ата-аналарға айтарым, балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыздар. Туыс-тума, ағайын, дос-бауырларға түсіндіріп айтыңыздар, арандатушыларға ермесін. Бабалар аңсап жеткен ел егемендігін сақтап, өзімізден кейінгі ұрпаққа қалдыру міндетіміз. Өз жерін, қаласын сүйетін патриот ұл мен қыз тәрбиелеуіміз қажет. Сонда ғана шеттен келген жауға елімізді алдырмаймыз, олардың арам пиғылдарына алданбаймыз. Уақытша қолайсыздықтарға түсіністік танытып, бұл кезеңді де бірге өткерейік. Сақтық шараларын да ұмытпайық, себебі коронавирус инфекциясының омикрон штаммы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына жетті. Вакцинация мен ревакцинациялау жұмыстарын естен шығармайық. Жарты жыл бойы сақтаған «жасыл» статусты қолдан өршітіп алмайық. Біз біргеміз, бірге жеңеміз».
Сонымен қатар қала әкімі антитеррорлық іс-шаралар әлі де жалғасып жатқандықтан, тұрғындардың төтенше жағдай режимінде кешкі сағат 23.00-ден таңғы 7.00-ге дейін тәртіп сақтауы аса маңызды екеніне айрықша тоқталып өтті.
Ал 10 қаңтар күні орын алған оқиғадан зардап шеккендердің халін білу үшін ауруханаға барды. Сонымен қатар қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдықтары үшін алғысын білдіріп, тезірек сауығып кетуін тіледі.
Айта кету керек, соңғы деректер бойынша қаладағы наразылық кезінде барлығы 120 адам медициналық қызметке жүгінген. Оның 48-і ауруханада ем алып жатыр. Науқастардың 5-і жансақтау бөлімінде. Медициналық көмекке жүгінген азаматтардың 48-і – тәртіп сақшылары.
БАҒА БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ
Шымкентте мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ірі жанар-жағармай бекеттеріне мониторинг жүргізу басталды. Соңғы деректерге келсек, қалада АИ-92 маркалы бензин литрінің орташа бағасы 177 теңге, АИ-95 маркалы бензин литрінің орташа бағасы 210 теңге, АИ-96 маркалы бензин литрінің орташа бағасы 205 теңге, АИ-98 маркалы бензин литрінің орташа бағасы 227 теңге және дизель отынының орташа бағасы 227 теңгені, сұйытылған газ бағасы 60 теңгені құрап отыр. 10 қаңтардағы дерекке сенсек, қала аумағында жанар-жағармай өнімдерінің тапшылығы жоқ.
Бұдан бөлек, азық-түлік өнімдерінің де бағасы бақылауға алынды. Әкімдік апта сайын бағаға мониторинг жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Бағаны тұрақтандыру үшін өңірлік тұрақтандыру қорларының жұмыс істейтіні белгілі. Оған жергілікті бюджеттен 7,7 млрд теңге бөлінді. Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары «Магнум», «Грамад» атты ірі сауда желілерінде белгіленген бағада сатылып жатыр.
НӘТИЖЕ ҚАНДАЙ?
11 қаңтардағы мәлімет бойынша, қаладағы жаппай тәртіпсіздік сәтінен бастап барлығы 3520 адам Полиция департаментіне жеткізілген. 261 құқық бұзушылық анықталған. Олардың 223-і бойынша қамауға алу, 19-на айыппұл салу, 19-на ескерту беру туралы шешім қабылданған.
Төтенше жағдай режимі жарияланған сәттен бастап коменданттық сағатты бұзғаны үшін 83 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 47-і қамауға алынды. Блокбекеттерді 12540 автокөлік тексеріліп, 8 адам ұсталды. Бұзақыларды анықтау жұмыстары әлі де жүріп жатыр.
Бейбіт түрде басталған наразылықтың ақыры ешкімнің ойы түгілі түсіне кірмеген ауыр зардаптармен аяқталды. Әкесінен айырылған балалардың көз жасы мен ұлын жоғалтқан аналардың жоқтауы жұрттың жүрегін езді. Ел экономикасына да ауқымды шығын келді. Арандатушылардың арбауына еріп, талай адам тәртіп бұзды. Қаланың көркіне айналған ғимараттардың есік-терезесі қирады, көліктер өртенді. Тізе берсек, шығын шаш-етектен. Десе де бірлік пен ынтымақтың, атқарылған жемісті жұмыстың нәтижесінде алапат қауіптің жолы кесілді. Қоғам да қалыпті тіршілігіне қайта оралды. Әрине, осыншама істі үйлестіріп, көптің көшін қауіпсіз қоғамға қайта әкелген жергілікті әкімдіктің еңбегі орасан екенін айта кету керек!