ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДАҒЫ ТҮРКІСТАННЫҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІ ТУРАСЫНДА БІРЕР СӨЗ
2 қаңтарда сұйытылған газ бағасының 100 теңгеден 120 теңгеге күрт қымбаттауынан Жаңаөзенде бейбіт митинг басталған болатын. Артынша еліміздің бірқатар қалаларында наразылық арты адам өлімімен аяқталған жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Ірі сауда орталықтары тоналды. Әкімдік ғимараттары өртеліп, бірқатар маңызды нысандарға зақым келді. Жаппай тәртіпсіздік орын алған қалалалар мен облыс әкімдіктері шұғыл шара көріп, салдарымен күресуге білек сыбана кірісіп кетті. Дегенмен бұл өзге өңірлердің босаңсуына болады деген сөз емес. Төтенше жағдай енгізілген уақыттан бастап Түркістан облысы әкімдігі қандай шараларды қолға алғанын саралап көрген болатынбыз. Сол материалды назарларыңызға ұсынып отырмыз…
ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІПТІ
3000-ҒА ЖУЫҚ ПОЛИЦИЯ
ҚЫЗМЕТКЕРІ КҮЗЕТТІ
8 қаңтар күні Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі ахуалдың толық бақылауда екенін жеткізді. Сонымен қатар облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатын көздейтін жұмыстардың күшейтілетінін мәлімдеді.
«5 қаңтар күні мемлекет басшысының Жарлығымен және ҚР Конституциясының 44-бабына, «Төтенше жағдай туралы» ҚР Заңына сәйкес, Түркістан облысы аумағында 5 қаңтар сағат 22.00-ден бастап 19 қаңтар сағат 00.00-ге дейінгі аралықта төтенше жағдай енгізілді. Аталмыш құжаттың негізінде Түркістан облысының комендатурасы құрылып, оған «Төтенше жағдай туралы» ҚР Заңымен көзделген өкілеттіктер беріледі. Түркістан облысында жалпы жағдай тұрақты деп айтуға болады», – деді облыс басшысы.
Коменданттық сағат кезінде түнгі 23:00-ден таңғы 07:00-ге дейін азаматтардың жүріп-тұруына шектеу қойылды. Облыстағы, оның ішінде аудандар арасында көлік құралдарының жүруі шектелді. Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласына кіретін жолдарға блок-бекеттер орнатылды. Азаматтардың жеке куәліктері тексеріліп, көліктері мұқият қаралатыны ескертілді. Жиналыстар, ойын-сауық және спорттық, жалпы бұқаралық іс-шараларға
тыйым салынды.
«Құрметті облыс тұрғындары құқық қорғау органдары басқа да мүдделі және атқарушы билікпен бірге қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін күндіз-түні қызмет атқаруда. Баршаңызды заң бұзушылыққа бармауға, тәртіп сақтап, арандатушылардың сөзіне, іс-әрекетіне ермеуге шақырамын. Қандай да бір мәселеңіз болса, заң аясында шешу үшін тиісті мемлекеттік органдардың көмегіне жүгінуге болатынын жеткіземін. Сондай-ақ барлық арнайы және құқық қорғау органдары осы бағытта жұмыс атқарады. Төтенше жағдай кезінде заң бұзушылықтарға жол берудің зардабы ауыр екенін ескертемін. Мұндай сәтте тек қана ресми ақпараттарға сүйенуді сұранамын», – деді Түркістан облысының Бас комменданты-Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Қайрат Дәлбеков.
3000-ға жуық полиция қызметкері өңірдегі қоғамдық тәртіпті бақылап, қажет шараларды көрді. Облыстағы ахуал толығымен бақылауға алынды. Бұл туралы облыс әкімі «Түркістан облысында жағдай тұрақты. Инфрақұрылым толық жұмыс істеп тұр. Қоғамдық көліктер жүріп жатыр. Өңірде азық-түліктің қоры жеткілікті. Жанар-жағармай жеткізетін компаниялармен тұрақты жұмыс жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен төтенше жағдай жарияланды. Осыған байланысты өңірде 45 бақылау-өткізу бекеті ұйымдастырылды. Оған полиция мен өңірде орналасқан күштік құрылымдардың өкілдері тартылған» деді.
«БІЗ ӘРҚАШАН ДА
ПРЕЗИДЕНТПЕН БІРГЕМІЗ!»
Елдегі орын алған жағдайға байланысты, тұрғындарға Түркістан облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы үндеу жасады. Онда Ассамблея мүшелерінің орын алған оқиғаны теледидар арқылы тамашалап отырғаны, елдің тыныштығы мен бірлігі қажет екені, сонымен қатар ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтындары айтылған.
Үндеуде «Тәуелсіз Қазақстан – әлемге береке-бірлігі жарасқан көпэтносты және көпконфессиялы қауымдастықтың өзіндік үлгісі ретінде танымал. Бұл ретте, Тәуелсіздігіміздің тұтастығын көзіміздің қарашығындай сақтау – әрбірімізге абыройлы міндет. Халқымызда «Бақыт, қайда барасың? Ынтымағы жарасқан елге барамын» деген ұлағатты сөз бар. Ынтымақ кеткен жерден байлық кетеді, бірлік кеткен жерден береке кетеді. Отаны бірдің, тілегі бір, жүрегі бір. Көп ұзамай бейбіт өмірге ораламыз деген сенімдеміз. Басқа түскен сынақты бірге еңсерейік, отандастар! Ортақ шаңырағымыздың беріктігі мен елдің тыныштығынан асқан бақыт жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның тұғырының нық болуына баршаңызды жұмыла үлес қосуға үндейміз. Біз әрқашан да Президентпен біргеміз!» делінген.
Артынша Түркістан облысының Үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері де үндеу жасады. Олар орын алған оқиғадан шығудың жалғыз жолы президентке қолдау көрсету екеніне тоқталып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге екендерін жеткізді.
ЕРІКТІЛЕР ЖАСАҒЫ ҚҰРЫЛДЫ
Облыста төтенше жағдайдың алғашқы күнінен бастап еріктілердің басын біріктіретін «Халық сақшылары» жасақтары құрыла бастады. Жастар, қоғам белсенділері, танымал спортшылар, спорт мектептерінің ұстаздары және өзге де сала мамандарының басын біріктірген сақшылар топтарға бөлініп, күндізгі уақытта полиция қызметкерлерімен бірге кезекшілікте тұрды. Облыстық полиция департаментінің өкілдерімен бірге облыс арасындағы блок-бекеттердегі сақшыларға ыстық тамақ таратты. Сонымен қатар ел аумағында жүріп жатқан антитеррорлық операцияны қолдайтындарын жеткізіп, елді бірлікке шақырды.
Ал облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «Ел ішінде болған тәртіпсіздік кезінде сабыр танытып, ел тыныштығын ойлап, атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтамын. Сіздер секілді алғашқы күннен бері ел қауіпсіздігін сақтау жолында күн-түн демей жұмыс жасап жатқан полиция қызметкерлеріне қолдау көрсететін жастар жетерлік екені қуантады. Біз қашан да тыныштықтың, ынтымақтың жолында сақшы бола білуіміз керек. Өз ойымызбен жүруіміз керек. Біздің облысымызда жағдай тұрақты. Оған үлкен себепкер болған — халқымыздың жоғары патриоттық сана-сезімі. Жер — жердегі ақсақалдардың белсенді жұмысы және өздеріңіз секілді абыройлы бастап, спортшылардың асталысуы. Әлі де қауіп сейілген жоқ. Арандатушылар болуы мүмкін. Оған біз тек бірлігіміздің арқасында тойтарыс беруіміз мүмкін» деп еріктілерге алғысын білдірді.
ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ЕЛІ ҮШІН
ЖАНЫН ҚИҒАН БАТЫРДЫ
АҚТЫҚ САПАРҒА ШЫҒАРЫП
САЛДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев орын алған қайғылы оқиғалардың салдарынан азаматтардың қаза болуына байланысты 2022 жылдың 10 қаңтарын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау туралы шешім қабылдады. Осы күні Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері ел тыныштығы жолында қаза болған әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді.
«Елімізде орын алған террорлық шабуыл, арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетті. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Қылмысқа қарсы күресте үнемі алдыңғы қатарда жүрген, өз өмірін жиі қауіп-қатерге тігетін полицейлердің құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі өлшеусіз. Қызметтік борышын атқару барысында қаза тапқан әріптестерімізді еске алу және құрметтеу – біздің міндетіміз. Сондай-ақ біз ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмыскерлерді іздестіруге және ұстауға, олардың Қазақстан халқына қарсы жасалған қылмыстары үшін тиісті жазаға тартылуы үшін барлық шараларды қабылдаймыз. Осы бағытта қызмет атқарамыз», — деді еске алу шарасында Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Бағлан Халықов.
Дәл осы күні елдің тыныштығы жолында жанын қиған Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі академиясының 2 курс курсанты Жұпарбеков Дәулет Бауыржанұлының денесі туған жері – Түркістан облысы, Сарығаш ауданына жеткізіліп, өңір жұртшылығы ақтық сапарға шығарып салды. Отан алдындағы борышына адал болып, ел үшін шейіт болған батырға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені берілді. Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев «Дәулет – өз елінің нағыз патриоты, антына адал, жолдастары арасында сыйлы, еліне әлі берері көп, болашағынан үлкен үміт күттіретін азамат еді. Орны толмас ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, шын жүректен көңіл айтамын. Ел үшін еңбек еткен батыр ұлдың жарқын бейнесі аудан халқының, ағайын-туыс, дос-жаран, әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз»,-деп марқұмның отбасына көңіл айтты.
Сонымен қатар Түркістан облысындағы мешіттерде құрбандар еске алынып, жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан тәртіп сақшыларының, бейбіт тұрғындардың рухына құран бағышталды.
ЖҰМЫРТҚА МЕН СӘБІЗ АРЗАНДАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өңірдегі әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына бақылау күшейді. 11 қаңтарда облыс орталығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 0,4 пайызға төмендегені белгілі болды. Әкімдік таратқан ақпарға сенсек, жұмыртқа мен сәбіз арзандаған. Нан, қартоп, күріш, құнбағыс майы, қарақұмық, айран, сүзбе, қырыққабат, сиыр еті, тауық еті, құмшекер, тұз, сары май, пияз, макарон сынды әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарлары бойынша жағдай тұрақты екені айтылды.
Облыстың, қала, аудан әкімдіктерінің қолдауымен мерекелік және демалыс күндері көшпелі сауда ұйымдастырылып, жалпы 57 тонналық 26,5 млн теңгенің тауары сатылған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу тапсырмасына сәйкес, «Айналым схемасы» шеңберінде тауар өндірушілерге жалпы 640 млн теңге берілді. Сонымен қоса тұрақтандыру қоры есебінде 255,7 млн теңге орналастырылды. Нәтижесінде «Magnum Cash&Carry» ЖШС, «Али Сауда» ЖШС, «Ғажайып-П» ЖШС, «Сайрам сүт» ЖШС мен сауда орындары тауарларды нарықтағы бағадан 10-15%-ға төмен бағамен сатуда. Түркістан қаласындағы «Magnum cash&Carry» сауда желісімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға дейін төмендету туралы монополияға қарсы комплаенс актісі қабылданды. Бұдан бөлек, әкімдік Түркістан қаласы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінен кемінде 1-1,5 айға жететін қорының жасақталғанын жеткізді.
БАСТЫ ТАЛАП – САНИТАРЛЫҚ
ЕРЕЖЕНІ САҚТАУ
Әкімдік тарапынан халыққа қызмет көрсету орталықтарының қалыпты жұмыс істеп тұрғаны хабарланды. Ал 12 қаңтардан бастап мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын қайта бастады. Ғимаратқа кіру Ashyq қосымшасы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты келушілер санитарлық қауіпсіздік ережелеріне бағынып, әлеуметтік қашықтықты сақтап, бетперде тағуы керек.
Бұдан бөлек, әкімдік мамандандырылған ХҚКО қайта ашылғаннан кейін тұрғындардың көптеп келуін ескеріп, автокөлікті «Kaspi» және «Halyk Homebank» банк қосымшалары арқылы қайта ресімдеуге болатынын ескертті.
Міне, еліміздегі халық тығыз шоғырланған өңірде төтенше жағдай уақытында осындай ақпараттар беріліп, шаруалар қолға алынды.