КЕЛЕР ЖЫЛЫ ЖӘРДЕМАҚЫ МӨЛШЕРІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?
Келер жылдан бастап Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларын, салықтарды және басқа да төлемдердi қолдану үшiн айлық есептiк көрсеткiш 3 063 теңге болып белгіленді. Бұл биылғы АЕК салыстырғанда 146 теңгеге көп. Осыған байланысты әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар мөлшері қалай өзгереді?
Сонымен 2022 жылдан бастап базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнің шамасы 36 018 теңге болады. Биыл бұл сома 34302 теңге болып белгіленген. Ал жалақының ең төменгі мөлшері 41 пайызға көбейіп, 42500 теңгеден 60000 теңгеге өседі.
Сәбиді өмірге әкелген әйелдерге жұмыс істесе де, істемесе де берілетін жөргекпұл сомасы бала кезегіне байланысты бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 116 394 теңге (2021 жылы – 110 846 теңге), төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 192 969 теңге (2021 жылы – 183 771 теңге) беріледі. Егіз, үшем немесе төртем болса, мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке-жеке есептеледі.
Ал жұмыс істемейтін әйелдерге бала кезегіне қарай бiр жасқа толғанға дейін берілетін ай сайын төлем келесідей: бірінші балаға 5,76 АЕК немесе 17 642 теңге (2021 жылы – 16 802 теңге); екінші балаға 6,81 АЕК немесе 20 859 теңге (2021 жылы – 19 865 теңге); үшінші балаға 7,85 АЕК немесе 24 044 теңге (2021 жылы – 22 899 теңге); төртінші және одан кейінгі нәрестелер үшін – 8,9 АЕК немесе 27 260 теңге (2021 жылы – 25 962 теңге).
Келер жылдың 1-қаңтарынан бастап отбасылық кірісіне қарамастан төрт және одан да көп, кәмелеттік жасқа толмаған, орта арнаулы және жоғары оқу орнында білім алып жатқан 23 жасқа толмаған балалары бар аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері келесідей: төрт балаға – 16,03 АЕК немесе 49 926 теңге (2021 жылы – 46 760 теңге); бес балаға – 20,04 АЕК немесе 61 382 теңге (2021 жылы – 58 457 теңге); алты балаға – 24,05 АЕК немесе 73 665 теңге (2021 жылы – 70 154 теңге); жеті балаға – 28,06 АЕК немесе 85 947 теңге (2021 жылы – 81 852 теңге); сегіз баладан бастап әр балаға 4 АЕК немесе 12 252 теңге қосылады.
Сондай-ақ, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан ай сайын берілетін мемлекеттік жәрдемақы 18669 теңгеден 19 603 теңге көбейеді.
Сонымен қатар елімізде 2022 жылдан бастап кедейлік шегі күнкөрістің ең төменгі деңгейінің 70 пайызын құрап 25212 (биыл 24 011) теңгеге өсті.
2022 жылы мүгедектігі бойынша жәрдемақы мөлшері: 1-топ — 69 155 теңге, 2-топ — 55 108 теңге, 3-топ — 37 459 теңге.
Мүгедек балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін өседі.