АЛДАҒЫ ЖЫЛЫ АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫН САЛУ ҚЫЗУ ТАЛҚЫҒА ТҮСЕДІ

Келер жылдан бастап елімізде атом электр станциясының құрылысын салу туралы мәселе қоғам талқысына түсетін ең негізгі мәселе болатын сыңайлы. Одан нақты қандай нәтиже шығатынын болжау әлі ерте. Бірақ әзірдің өзінде біраз азаматтар мен қоғам белсенділері ел аумағында атом электр станциясының салынуына түбегейлі қарсы. Олардың арасында Байзақтағы инженерлік оқ-дәрілер сақталған әскери қоймадағы жарылысты негізге алып, «қару-жарақ қоймасына ие бола алмай отырғанда АЭС салу қауіпті» дегенді алға тартады.

Осы аптада еліміздің Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Экологиялық кодекс талаптарына сәйкес келер жылы атом электр станциясының құрылысы бойынша қоғамдық тыңдау өткізілетінін мәлімдеді. Бірінші санатқа жататын жоба болғандықтан қоғамдық тыңдау құрылыс басталардан алдын ұйымдастырылады.

«Егер қоғамдық тыңдау кезінде халықтың басым бөлігі ел территориясында атом электр станциясын салынуына қарсы болса жоба жүзеге аспайды ма?» деген сұраққа ведомства басшысы жауап бере алмайтынын ашық айтты. Ол

«жарықсыз отырғанша АЭС салған дұрыс» деді. Ол осыдан 40-50 жыл бұрын салынған қазіргі көмір станциялары   энергия өндірудің ескі технологиясы болып саналатынын жобаны қолдаудың негізгі фаторы ретінде атап өтті. Тіпті «бізде былай қарасаң, басқа амал жоқ» дегенді де айтқан министр нысанның құрылысына шамамен 10-15 жыл уақыт кететінін мәлімдеді.

Айта кетейік, қазіргі таңда АЭС салу үшін елімізде екі алаң қарастырылып жатыр. Оның бірі Алматы облысында, екіншісі Шығыс Қазақстан облысында.

АЭС салу туралы сөз 2019 жылы шыққан. Сол жылдың сәуір айында  Ресей президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі кезінде Ресей Қазақстанда ресейлік технология бойынша АЭС салуға ниетті екенін білдірген.  Бұған халық қарсы болды. Жұрттың наразылығын көрген  мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «халықтың пікірін ескермей АЭС салу жөнінде шешім қабылданбайды» деген. Сонымен мәселе жабылғандай болған еді. Бірақ биыл
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында «2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергияcының тапшылығы болады. Ал әлемдік тәжірибеге сәйкес, тиімді  шешім бар. Ол – бейбіт атом. Иә, оңай шаруа емес. Сондықтан осы мәселені ұтымды шеше білуіміз керек, сан алуан болжам мен эмоцияға жол бермейік» деген-тін.