АУРУХАНАДА ҚЫЗМЕТ САНЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ
Шымкенттегі «Асар» шағын ауданындағы балалар клиникалық ауруханасында 20 орындық онконефрогематологиялық орталық ашылды.
Аталған орталық үшінші мегаполистегі қатерлі дерт диагнозы қойылған 200 балаға ем көрсететін болады. Бұған дейін қалада онкологиялық паталогиялық дертке шалдыққан балалар ем алу үшін Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Түркістан облысындағы орталықтарға баратын.
Жалпы балалар ауруханасы базасынан мұндай бөлімдердің ашылуы елімізде егемендік алған алғашқы жылдардан бастап қолға алынып келеді. Ең алғаш рет 1993 жылы Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының базасында балалар онкологиясын емдеу бөлімі ашылған. Бүгінде еліміздің көптеген өңірлерінде осындай патологиялық дертке шалдыққан балаларды емдеу орталықтары жұмыс атқаруда.
Шымкентте балалар клиникалық ауруханасының базасында ашылған орталықта науқастарға нақты диагноз қойылады. Емдеу шараларын дер кезінде жүргізу үшін диагностикалық зертханамен жабдықталған. Дәрігерлердің бәрі арнайы курстан өткен жоғары білікті мамандар.
Жалпы қалалық балалар клиникалық ауруханасында 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек көрсету үшін көп бейінді мамандар тәулік бойы қызмет атқарады. Медициналық мекеменің қызмет көрсету сапасы жылдан жылға артып, қызмет түрі көбеюде. Осы жылдың өзінде мекемеде нейрохирургия, күйік, урология, торакалды хирургия, эндокринология, нейрохирургия және медициналық оңалту бөлімдері ашылған.