ЖЕКЕ ҮЙЛЕРДІҢ 85 ПАЙЫЗҒА ЖУЫҒЫ КӘРІЗ ЖҮЙЕСІНЕ ҚОСЫЛМАҒАН

Жуырда Шымкент қаласындағы «Су ресурстары – Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Анарбек Орман журналистерге ағымдағы жылы атқарған жұмыстарын таныстырған болатын. Сол кезде ол үшінші мегаполисте жеке тұрғын үйлердің орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылу көрсеткіші небары 15,5 пайыз (авт. көпқабатты тұрғын үйлерді қоспағанда) көрсеткішке тең екенін айтқан.
Бұл қоршаған ортаға кері әсерін тигізетіні белгілі. Сонымен қатар ол қазіргі таңда қалада қуаты тәулігіне 150 мың текше метрді құрайтын қалалық тазарту қондырғылары жұмыс істейтінін айта келе, «Қосымша тазарту қондырғыларына күзде, қыста және көктемде 160-170 мың текше метр ағынды, еріген және жаңбыр сулары түседі. Ал қаланы дамытудың Бас жоспарына сәйкес, 2012 жылы жоспарланған солтүстік-батыс бөлігінде тәулігіне 150 мың текше метр және қаланың оңтүстік бөлігінде тәулігіне 60 мың текше метр тазарту қондырғысы әлі күнге дейін салынбағанын, соған орай қысқа мерзім ішінде тазарту құрылыстарының қуатын тәулігіне 50 мың текше метрге дейін ұлғайту қажет. Егер жоба орындалса, онда Шымкент қаласындағы су бұру мәселесі 2025 жылға дейін шешілетін болады»,-деген.
Жалпы қала тұрғындарын кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін көбейту мақсатында биыл 13 нысанның құрылыс жұмыстары басталған. Оның үшеуі магистралды кәріз коллекторы болса, 10 елдімекенге ішкі жүйелер тартылған. Бүгінде «Тұран» шағынауданындағы кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталып, ондағы көпқабатты тұрғын үйлер кәріз жүйесіне қосылды. Одан бөлек, «Наурыз» шағынауданының 3,5 мың және «Самал-1» шағынауданындағы 22 мыңдай тұрғын кәріз жүйесіне қосылды. Нәтижесінде қала тұрғындарын кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 52,3 пайыздан — 54 пайызға өсті.
Келер жылы Арғынбеков және Тұран магистралды кәріз коллекторларының құрылысы аяқталады. Кәріз жүйесімен қамту бойынша «Самал-2», «Самал-3», «Достық», «Асар-2», «Тассай», «Мирас», «Шапағат», «Ұлағат», «Солтүстік-Шығыс» елді мекендерінде жүріп жатқан құрылыс жұмыстары да 2022 жылға өтпелі.
2022-2025 жылдары қаланың оңтүстік, солтүстік бөлігінің кәріз жүйесімен қамту жоспарына сәйкес, 2 дана кәріз тазалау ғимаратының, магистралдық коллекторлардың және елді мекендердің ішкі жүйелер құрылысын жүргізу жоспарлануда. Нәтижесінде 2025 жылы қаланың кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 75 пайызға жететін болады.