АҒАШ ҚОРЫ 6,5 МЛН-ҒА АРТАДЫ
Шымкенттегі жасыл желектер саны 2025 жылға дейін 12,5 млн болады. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы бес жылда ел аумағындағы орманды алқаптарда 2 миллиард, ал елді мекендерде 15 миллион көшет отырғызу туралы тапсырмасы аясында жүзеге аспақ. Соған сәйкес Шымкент қаласының бесжылдық көгалдандыру жоспары аясында белгіленген аумақтарға 6,5 млн жасыл желек отырғызылады.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Қазіргі таңда қаладағы жасыл желектердің саны 6 миллионды құрайды.
Бұл жұмыстар қала экологиясын жақсартып, тұрғындардың тынысын аша түспек. Айта кетейік, биыл қаланы абаттандыру және қоршаған ортаның экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында «Алатау» саябағы пайдалануға берілді. Осылайша шаһардағы саябақтар саны 9-ға жетті.
Жуырда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова осы жылы елімізде 130 млн көшет отырғызылғанын, өкінішке орай егілген ағаш көшеттерінің жерсіну көрсеткіші 65 пайызды құрайтынын мәлімдеген еді.
Ал Шымкент қаласы бойынша көгалдандыру жұмыстарына жауапты әкімдік құрылымының 2025 жылға белгіленген 6,5 млн көшетті жайқалту туралы межелі көрсеткішке қол жеткізу үшін нақты қанша түп көшет отырғызатыны белгісіз…