ЖАҢА АВТОБУСТАР ҚАНДАЙ БАҒЫТТА ЖҮР?

Өткен қараша айының бел ортасында Шымкент каласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов желтоқсан айында су жаңа 290 автобус халық игілігіне берілетінін мәлімдеген болатын. Иек астындағы желтоқсанда келіп, түгесілуге шақ қалды. Айтылған айда жаңа автобустар жолаушылар тасымалы үшін желіге шығарылды.

Ағымдағы жылдың 1-желтоқсанынан бастап жолаушыларды тасымалдауға шыққан 50 жаңа автобус №104, 60 маршруттарда және №6, 51, 67 жаңа бағыттарда қызмет көрсетуде.
Жуырда пайдалануға берілген 240 автобус есебінен төрт жаңа бағыт ашылған. Атап айтқанда, шаһардағы №1 автожолдан қаланың әуежайына дейін №66, «Қызылсу» шағынауданы аймағынан «Айна» базарына дейін №71, «Сәуле» шағынауданы 276 орамнан Жандосов көшесіне дейін № 43, 115 мектеп пен «Гиперхаус СҮ» дейін №54 бағыттағы автобус жолаушылар тасымалдауда.
Жаңадан қолданысқа берілген «Yutong» маркалы автобустар №17, 21, 42, 113, 133, 158, 182 бағыттарда қызмет көрсетеді. Ал олардың орнындағы «Ankai» маркалы автобустар №2, 10, 11, 15, 16, 20, 23, 45, 52, 61, 70, 75, 96, 108, 114, 139, 171, 171а, 180, 191 бағыттарына бөлінді.
Сондай-ақ, басқарма басшысы ендігі кезекте жолаушылар жолақысын Kaspi QR арқылы төлеуге болатынын да атап өтті. Ол үшін «Kaspi» қосымшасын жүктеп, валидатордағы немесе автобус кіреберісінде орнатылған QR кодты сканерлеу қажет. Бұл көбіне көп қолма-қол төлем жасағысы келмеген немесе «Төлем» картасын үйде ұмытып кеткен азаматтарға қатысты.