САЙРАМДА СӨЗ САЙЫСЫ ӨТТІ

Сансыз баптар мекені Сайрам ауданында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай республикалық айтыс өтті. «Мәңгілік ел жырлайды» тақырыбында өткен сөз сайысына Бөрібай Оразымбет, Серік Қалиев, Бекарыс Шойбеков, Ақмарал Леубаева, Маржан Есжанова, Анар Жаппарқұлова, Кәрима Оралова, Айбек Қалиев сынды елімізге танымал жыр жүйріктері қатысты.

Кіл жүйріктердің арасынан үздіктерді анықтау мәртебесі жазушы Мархабат Байғұт, драматург Сая Қасымбек, Нармахан Бегалиев, Ханбибі Есенқарақызы мен Сәбит Әбдірайымов сынды ақын азаматтарға тапсырылды.
Төл өнердің тізгін қағары белгілі сықақшы Көпен Әмірбек болды.
Айтыста 4 жұп өнер көрсетті. Сайыс нәтижесінде бас жүлде шалқар шабыт пен мәнерлі мақамның иесі түркістандық Бекарыс Шойбековке бұйырды. Ал, бірінші орын Серік Қалиевке бұйырса, екінші орынды Анар Жаппарқұлова, ал үшінші орынды Айбек Қалиев еншіледі. Айтыстың жарасымды үлгісін көрсеткен өзге де қатысушыларға арнайы жүлделер табысталды.
Қазылар алқасының төрағасы, жазушы Мархабат Байғұт ұйымдастырушылар мен айтыскерлерге алғыс білдірді.