«БӨРТЕ МИЛКА» КӘСІПОРНЫ БӨЛЕКШЕ БАҒАЛАНДЫ

Осы аптаның сейсенбісінде елордада Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздары анықталды. Әр кәсіпорынның деңгейі сыналатын шара он бес жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Бүгінге дейін 150-ден астам компания Президент сыйлығының иегері атанған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премия иегерлерін онлайн құттықтады. Президент «Біз сапалы өнім өндіріп, табысты жұмыс істеп жатқан бизнес өкілдерін жыл сайын марапаттаймыз. Әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға барынша атсалысып жүрген іскер азаматтарға құрмет көрсетеміз. Осылайша, еткен еңбек пен шынайы табысты дәріптейміз. Мұның зор символдық мәні бар. Егемендік кезеңінде Қазақстанда бизнестің дамуына жан-жақты жағдай жасалды. Соның нәтижесінде жаңа заманға сай кәсіпкерлер шоғыры қалыптасты. Олар ұлттық экономиканың басты қозғаушы күшіне айналды. Бүгінде отандық бизнес еліміздегі индустрияландыру үдерісіне зор үлес қосып жатыр. Кейінгі 10 жылда өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі тау-кен саласының көрсеткішінен асып, 33 пайызға жетті. Бүкіл еліміз бойынша 1 500 жаңа өндіріс іске қосылды. Бұл мақсатқа 9 трлн теңгеден астам инвестиция жұмсалды. 820 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты үш есе өсіп, 15,4 млрд долларға жетті. Қазақстанда өңделген өнімдер бүгінде 131 мемлекетке экспортталады»,-деді.
Қазақстандық нарықтағы ең үздіктерді анықтауға көмектесетін бұл жолғы шара Түркістан өңірінің кәсіпкерлері үшін өте табысты болды. Осы жылғы байқауда «Бизнес кемелділік» арнайы халықаралық сыйлығын «Бөрте Милка» ЖШС алса, «Балмұздақ» ЖШС «Іскер» арнайы сыйлығының лауреаты атанды.
Айта кетейік, «Бөрте Милка» кәсіпорны 2016 жылы іске қосылған. Кәсіпорын 100-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Зауыттың өндірістік цехтары Оңтүстік Корея, Швейцария, Германия және Австрияның заманауи технологиялық желілерімен жабдықталған. Зауыт тәулігіне 13-15 тонна сүт өнімдерін өңдейді. Қазіргі уақытта мұнда қаймақ, май, йогурт, құрт, айран, балмұздақ және басқа да көптеген сүт өнімдері шығарылады.
Ал Төле би ауданындағы «Балмұздақ» ЖШС-нің 250-ге жуық жұмысшысы бар. «Балмұздақ» кәсіпорнында балмұздақтың 150-ден астам түрі шығарылады. Серіктестік өніміне деген сұраныс өте жоғары. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков жеңімпаздардың жетістігі – осы салада қабылданып жатқан мемлекеттік қолдаудың тиімділігінің дәлелі екенін алға тартады.