ҚАЙРАТКЕРДІ ҰЛЫҚТАУ – ҚАСТЕРЛІ ІС

Қазақстанда 1-желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мерекесі. Егемен елдің іргетасын қалаған қайраткерлерді ұлықтау дамыған елдерде қалыптасқан игі дәстүр болып табылады. Мәселен, АҚШ-тың алғашқы Президенті Джордж Вашингтонның еңбегін айрықша бағалайтын мұндай мереке 22-ақпанға белгіленген болса, Үндістанда 2-қазанда Махатма Гандидің туған күні жалпыұлттық мереке ретінде атап өтіледі. Ал Түркияда 19-мамыр Мұстафа Кемал Ататүрікті еске алу күні болып жарияланған.

Қазақстан мемлекетін қалыптастырудың бастауында тұрған асыл азамат – елі сүйген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мерекелік айшықпен ардақтау он жылдан бері қолға алынып келеді. Естеріңізде болса, 2011 жылдың 14-желтоқсанында «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға толықтырулар енгізіліп, 1-желтоқсан – Тұңғыш Президент күні болып белгіленген еді.
Содан бері еліміздің барлық өңірлерінде Тұңғыш Президент күні мерекесінде айтулы шаралар өткізіліп келеді.
Мәселен, Түркістанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Елбасы – елімнің тірегі» атты мерекелік іс-шара өтті. Шараға қатысушылар «Елбасы және Ұлы дала мұрасы» атты көрмені тамашалады. Көрмеде Тұңғыш Президенттің қызметтік жолы, Түркістанға келген іссапарлары, шетел басшыларымен кездесулерінен суреттер ұсынылды. Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов: «Пре-зиденттік орынға үміткерлердің баршасын білемін. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлының олардан өзге, биікте көрсететін үш қасиеті бар деп білемін. Бірінші, ол қаршадайынан жердің демін, нанның дәмін, тердің иісін сезіп, өзі де солардың қатарында өскен. Екінші қасиеті – қараша үйдің көсеуінен бастап, алып зауыттың күрегіне дейін қолынан өткізген адам. Үшіншіден, халқының рухани мол мұрасын аңызынан бастап бүгінгі келбетіне дейін ана тілінде оқып, бойына сіңірсе, орыс әдебиеті арқылы әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерін өз әдебиетіндей таныған, оқыған, тоқыған адам», — деген еді. Көрмені тамашалағандар Елбасының өмірінен сыр шерткен материалдарды көріп Қалтай Мұхамеджанов ағамыздың осы бір сөзінің дәл тауып айтылғанына тағы бір көз жеткізді.
«Farab» кітапханасында өткен салтанатты жиында LED экран арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаты туралы деректі туынды көрсетілді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов жұртшылықты мерекемен құттықтау сөзінде «Мемлекетімізді дамытуда Елбасымыздың еңбегі ерен. Тәуелсіздіктің арқасында тіліміз, дініміз, мәдениетіміз тұғырына қонды. Тәуелсіздікті жариялаумен мәселе шешілмейді. Оны сақтау қажет. Әлемде 5 мыңдай тіл, яғни, 5 мың ұлт бар. Солардың небәрі 200-ден астамы ғана етек жеңін жинаған егемен мемлекет. Сондықтан тұрақтылықты сақтауда, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Елбасы еңбегі айтылуы тиіс. Тұңғыш Президенттің тікелей қолдауымен Түркістанымыз қалай өзгергенін қоғам көріп-біліп отыр»,-деді. Сонымен қатар Рашид Аюпов еңбегімен дараланған бір топ азаматты Түркістан облысы әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Олардың арасында медицина, мемлекеттік қызмет, құқық қорғау, спорт, кәсіпкерлік және өзге де салалардың өкілдері бар.
Жиында Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов құттықтау сөз сөйлеп, Елбасының тәуелсіздігімізді нығайту бағытындағы еңбектері туралы баяндады. Кентау қаласындағы №16 Ю.Гагарин атындағы мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Елена Стребкова да бұл күннің маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік тіл елді біріктіруші күш екенін атап өтті. Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен ұласты.
Өткенге салауат айтып, келешектен жақсылық күтетін бұл мейрам қарсаңында Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалында салтанатты түрде партияға қабылдау іс-шарасы өтті.
Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев партиялықтарды айтулы мерекемен құттықтап, белсенді азаматтарға партиялық билет пен төсбелгі табыстады. Сонымен қатар оларға Елбасының «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» формуласымен өрілген тәжірибесі жазылған «Қазақстан жолы» кітабын тарту етті.
«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында әрі бүгінгі мерекеде қауышқаныма қуаныштымын. Тәуелсіздік – әлемдегі ең құдіретті сөз. Ел еркіндігі. Nur Otan партиясы халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартып, елдің дамуына бағытталған Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыруға үлкен үлес қосты. Алғашқы сәттен-ақ партия құрамына 164 мың адам мүше болса, қазір олардың саны 800 мыңнан асты. Облыс бойынша 244 бастауыш партия ұйымынан құрылған 80 мыңнан астам партия мүшесі бар. Енді оның саны өздеріңіз секілді сан-саланың белсенді азаматтарымен толығуда. Бүгінгі салтанатты шараға елдің өркендеуі жолында қызмет атқарып жүрген мемлекетшіл азаматтар жиналды. Партияның ұстанымын қолдап, жауапкершілікпен Қазақстанның дамуына үлес қосайық»,-деді Бейсен Дәулетұлы.
Нұротандық атанған азаматтардың қатарына білім беру мен денсаулық саласының мамандары, жеке кәсіпкерлер, мемлекеттік және жергілікті өкілдік органдары қызметкерлерінен жалпы саны 15 үміткер енді. Оның ішінде 6 азамат – Тәуелсіздіктің түйдей құрдастары. Жиын барысында партия қатарына қабылданған үміткерлер Елбасы Н.Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаты жастарға серпін берген үндеу болғанын атап өтті.
Жалпы партияның Түркістан облысындағы филиалдарына биыл 2273 адам мүшелікке қабылданды.
Сонымен қатар таңдаулы тұлға Елбасының қайраткерлегі ұлықталған айтулы мереке қарсаңында Мақтаарал ауданында 4 мектеп пайдалануға берілді. Аталған мектептердің ашылу салтанатына Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова мен ауданның адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Мұратбек Серікбаев қатысты.
Елбасы күнінде ел игілігіне берілген білім ұясының алғашқысы – Иіржар ауылдық округі Мақтажан ауылында орналасқан 200 орындық «Мақтажан» жалпы орта мектебі. Одан кейінгісі – Жаңажол ауылдық округі Арайлы ауылында орналасқан С.Датұлы атындағы жалпы орта мектебі, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі Қарақыр ауылында орналасқан 100 орындық А.Тұяқбаев атындағы жалпы орта мектептің ғимараты және Достық ауылдық округі Ж.Қалшораев ауылында орналасқан 200 орындық Қ.Әбдалиев атындағы жалпы орта мектебі.
Өскелең ұрпақтың сапалы біліммен сусындауына зор серпін беретін нысандар физика, химия, информатика кабинеттері, мультимедиялық және лингафондық оқу бөлмелерімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ спорт залдары, тігін шеберханалары, асханалары да заманауи үлгіде жабдықталған. Жаңа ғимараттардың арқасында ауыл оқушылары түрлі спорттық, өнер және қолөнер үйірмелеріне қатысып, өздерін қосымша дамыта алады.
Мектептің ішін аралап көрген аудан басшылары мен тұрғындары құрылыстың сапасына, базалық-техникалық жабдықталуына жоғары баға берді.
Айта кетейік, биыл Мақтаарал ауданында 13 мектептің құрылысы жүргізілді. Бүгінде құрылысы жүрген мектептердің төртеуі пайдалануға берілсе, жылдың соңына дейін тағы 4 мектеп ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Ал қалған 5 мектептің құрылысы келесі жылға өтпелі.

А. САТЫБАЛДЫ.