ҚҰРЫЛҒАНЫНА БЕС АЙ ТОЛҒАН МЕКТЕПТІҢ МЕРЕЙЛІ ЖЕТІСТІГІ КӨП

Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ-нің құрылғанына бес ай жуықтады. Ашылғанына көп уақыт толмаса да мектептің мақтан етер мерейлі жетістіктері жетерлік. Бүгінде болашағынан зор үміт күттіретін спортшылардың ыстық ұясына айналған мектеп қоржынында 4 алтын, 13 күміс, 9 қола медальдың болуы соның жарқын мысалы.

Мекеме директоры Самат Рысбеков жыл соңына дейін өтетін додалар нәтижесі бойынша бұл көрсеткіш әлі де көбейе түсетінін алға тартуда.
Мектеп қоржынына алғашқы медальды самбо күресінен Перизат Жақыпбекова салды. Беларусь Президентінің жүлдесі сарапқа салынған Халықаралық турнирде самбошы қыз күміс жүлдеге қол жеткізді. Одан кейінгі жеңісті жолды балуан Абдувақаб Әлиқожаев жалғады. Ол Татарстан Республикасы президенті кубогінің қола жүлдегері атанды.
«Жоғары спорт шеберлігі мектебі құрамына қазақ күресі, белбеу күресі, джиу-джитсу, жауынгерлік аралас бірлестігі (ММА), жекпе-жек, кикбоксинг, самбо және әскери самбо, ушу санда, муайтай, каратэ, панкратион, грэпплинг, таеквондо ITF, пенчак силат, әмбебап жекпе-жек, қоян-қолтық ұрысы, армрестлинг, гір көтеру, пауэрлифтинг спорт түрлері енген. Спорт мектебінде 300-ге жуық спортшы бар. Жауынгерлер үшін арнайы спорттық киім-кешекке тапсырыс бердік. Жуық арада үлестіріледі деп жоспарлануда»,-деді Самат Әкімбекұлы.
Қазіргі таңда Украинаның Харьков қаласында панкратионнан өтетін Әлем чемпионатына 3 спортшы қатысуда. Шотокан каратэден Ресей астанасы Мәскеуде желтоқсан айында өтетін Әлем кубогына 6 спортшы аттанбақ.