ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ МОБИЛОГРАФТАРДЫҢ БАСҚОСУЫ ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛАДЫ
Шымкентте алғаш рет мобилографтардың «Shymkent Mobilography Fest» республикалық фестивалі өтті.
Осы ретте мобилографтар фотоаппараттың көмегінсіз-ақ камерасы бар сандық электрондық құрылғыларды қолдану арқылы сапалы бейне жасайтын жаңа жанр мамандары екенін айта кетейік. Қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен «Креативті индустрия» бағыты аясында өткен шараға қатысуға 900-ге жуық адам өтінім білдірген. Қатысушылардың басым бөлігі Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы және Түркістан қалаларынан болған. Олар сайыстың алғашқы күнінде алдын ала берілген «Welcome to Shymkent» тақырыбында қала туралы имидждік және креативті жарнамалық бейнероликтер дайындаған. Дайын бейнероликтерді елімізде мобилография саласын дамытқан Қыран Талапбек бастаған комиссия мүшелері бағалап, жеңімпаздар тізімін жариялады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Шара аясында өткен пленарлық кездесуге қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, Өркен Кенжебек, Сырымбек Тау, Ақбота Ануарбек және Әділет Рахметолла сынды бірнеше медиа саласы мен түрлі бағытта өз бастамаларын дамытып жүрген әлеуметтік желі белсенділері қатысты. Олар креативті индустрия мен мобилографияның туризм саласындағы рөліне тоқталып өтті.
Жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов:
«Ұлттық креативті дамыту — заман талабына сай тенденция екенін ескере келе, Шымкент қаласын еліміздегі ірі креативті хабтардың біріне айналдыруды қолға алып отырмыз. Осы бағыттағы жұмыстың бастамасы ретінде Қазақстанда алғаш рет республикамыздың әр өңірінен талантты мобилографтардың басын қосып, мобилография фестивалін ұйымдастырдық. Бұл сала креативті индустрияның ажырамас бөлігі бола отырып, туризмнің мүмкіндіктерін жарнамалауға таптырмас құрал. Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып, Шымкент қаласында мобилографтарды біріктіретін жыл сайынғы үрдіске айналдыратын боламыз», — деп барша қатысушыға алғысын айтып, сәттілік тіледі.
Екі күнге созылған іс-шарада мобилографтар еліміздің үшінші мегаполисі туралы сапалы бейнероликтер әзірледі. Роликтер алдағы уақытта жарнаманы жандандырып, туристерді тарту мақсатында жарияланып отырмақ.
Айта кетейік, елімізде мобилография саласына қызығып оны кәсіп еткендер саны елу мыңға жуықтаған.