ҚАР ТАЗАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРЕДІ

Осы сәрсенбіде Шымкентте алғашқы қар жауды. Жолдарды төпелеп жауған қардан тез аршып, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау мақсатында қырда тұрған техникалардың барлығы тізгінделді. Шаһар тіршілігін қамтамасыз ететін мамандар көшелер мен жаяу жүргіншілер жолын бір қолдың саласындай жұмыла тазалауға кірісіп кетті. Ең бірінші кезекте қоғамдық көліктер жүретін жолдардың тазалануы назарға алынды.

Еңбекші ауданы аумағындағы орталық 76 көше мен ішкі орам көшелерін қардан тазалау жұмыстары 10 бағытқа бөлініп, әр бағыт бойынша тиісті қар тазалайтын арнайы техникалар мен жұмысшылар кестеге сәйкес өз міндеттерін орындады. Биыл қыс мезгілінде аудан аумағындағы көшелерді қардан тазарту үшін 30 бірлік техника, 4 бірлік тиегіш (погрузчик) техникасы, 11 трактор, 10 бірлік самосвал техникасы, жұмысшыларды тасымалдау үшін 4 бірлік автобус техникасы, 1 бірлік «автомастерская» техникасы, жалпы 60 техника 210 жұмысшы тартылады. Қосымша қажеттілікке байланысты «ЛТД Тұрмыс» ЖШС тарапынан 19 жалдамалы техникамен келісім шарт жасалған. Бұдан бөлек қоймада көшелерге тайғаққа қарсы себетін 815 куб метр инертті зат бар.
Қыс мезгілінде Қаратау ауданы аумағындағы орталық көшелерді қардан тазалап, инертті материалдарды себу үшін 41 техника жұмылдырылады. Жұмыстарды «Жасыл жер» мекемесі өз міндетіне алған. Ал аудандағы көпқабатты үйлердің аулаларымен аяқжолдарды тазалау жұмыстарын «Ақсемсерстройсервис» мекемесі атқаратын болады.
Абай ауданында «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС тарапынан 27 техника негізгі және ішкі орамдық көшелерді қардан тазарту жұмыстарын жүргізді. Оған қоса аяқжолдарды тазалауға 54 адам жұмылдырылады. Сонымен қатар, «Ақсемсер» ЖШС-ның 90 қызметкеріне аулаларды тазалау жұмыстары жүктеледі.
Қардың қалың түсуі кезінде ең алдымен мектептер мен ауруханалардың маңайы, елді мекеннің кіреберісіндегі жолдар, сондай-ақ, орталық көшелерге екпін түсіріледі.

Дархан АМАНҒАЛИ.