1700 ГЕКТАРДАН АСТАМ ЖЕР АЙНАЛЫМҒА ҚОСЫЛДЫ

Биыл Шымкентте ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде жер-анадан бел жазбай еңбек етіп жүрген шаруа қожалықтарын сумен қамтамасыз ету бағытында бірқатар тірліктер атқарылды.

Атап айтқанда Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасы тарапынан «Сайрам су оң жағалау», «Көк» және «Чумчак» каналдарында күрделі құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Аталған каналдардағы жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 1 743 гектар жер айналымға қосылды. Сонымен қатар, 1 600-ге жуық үй іргелік жерлер ағын сумен қамтамасыз етілді.
Егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету мақсатында, ағымдағы жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде ұзындығы 131 шақырым құрайтын 18 каналға тазалық жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, канал жиегінде орналасқан елдімекендер арасында санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, ұзындығы 100,6 шақырымды құрайтын 9 каналға тұрақты түрде санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу қолға алынды.