ҚАЛА БАСШЫСЫ КОРЕЯ ЕЛІНІҢ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ
Шымкентке Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ку Хонг-Сок арнайы іссапармен келді. Бұл мәртебелі мейманның үшінші мегаполиске алғашқы келуі. Іссапарының мақсаты – Қазақстан мен Корей Ресупбликасы арасындағы іскерлік байланысты нығайту мақсатында қаланың әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерімен жақын танысу болды.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов алыстан ат арылтып келген елшімен кездесті. Кездесу кезінде Мұрат Дүйсенбекұлы қаланың бүгінгі экономикалық әлеуетін таныстырды. Өз сөзінде ол «Шымкент – Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі өндірістік, сауда, мәдени және ғылым мен білім орталығы. Түрлі экономикалық секторлар бойынша қалаға инвестиция тартудың мүмкіндігі зор. Үш индустриалды аймақта өндіріс орындары шоғырланып, арнайы экономикалық аймақ, сауда-логистикалық орталығы түзілген. Бұл аумақтар бизнес салымдар үшін тиімді алаң ретінде қалыптасып, инвестициялық жобаларды ұтымды іске асыруға жағдай жасайды. Инвесторлар салатын өндіріс орны аумақтары инфрақұрылымдық желілермен қамтамасыз етіледі. Коммуналдық төлемдерге жеңілдіктер қарастырылған. Арнайы экономикалық аймақ қатысушылары үшін кедендік және салықтар бойынша жеңілдіктер бар», — деп атап өтті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы 6,5 млрд. АҚШ долларына жеткені айтылды. Қос тарап тиімді экономикалық байланыстарды нығайтуға мүдделі екендіктерін жеткізді.
Кездесуді қорытындылаған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық қатынастарға келесі жылы 30 жыл толатынын атап өтті. Осы жылдар ішінде түзілген сенімді әріптестікті іскерлік байланыстармен нығайтуға Шымкент қаласының әкімдігі әрқашан дайын екендігін мәлімдеді.