ҚОРАДАҒЫ ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ ҚЫСТЫҚ АЗЫҒЫ ДАЙЫН БА?
Биыл батыс өңірлерімен қатар Түркістан облысы да қуаңшылықтың зардабын тартты. Ауа райының жылдағы қалыптан тым ыстық болуынан Оңтүстіктегі Келес, Сарыағаш аудандарындағы алқаптардағы табиғи шөп бітік шықпады. Соған қарамастан облыста қысқа мал азығын дайындау жұмыстары өз деңгейінде орындалған.
Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді. Биыл өңірде егістікті әртараптандыру жұмыстарының нәтижесінде мал азығы дақылдарының көлемі 4 мың га ұлғайып, 216,8 мың гектарға орналастырылды. Нәтижесінде 4,1 млн тонна мал азығы жиналды. Осылайша облыстағы мал басына қажетті 3,9 млн тонна мал азығын дайындау жоспары артығымен орындалған. Баспасөз қызметі көрсеткен деректе қоймаға жиналған 4,1 млн тонна мал азығының 2,1 млн тоннасы жоңышқа болса, 195,1 тоннасы сабан, 103,2 мың тоннасы пішендеме, 1,7 млн. тоннасы шөп және 39,1 мың. тоннасы сүрлем екені хабарланған.
Қыстан қысылмай шығу үшін облыста орман қорындағы жайылым алқаптарды шаруалардың уақытша пайдалануына беру жұмыстары қолға алынған. Соған сәйкес Келес, Сарыағаш, Жетісай, Мақтарал, Төлеби, Шардара, Отырар аудандарының орман қорларындағы және «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жайылымдарын пайдалану бойынша меморандумдар түзілген. Соның негізінде 736 агроқұрылымға 842,1 мың га жайылым жер, шөп шабу үшін 47 агроқұрылымға 3 мың га шабындық жер берілген.
Биыл 216 мың га жерге егілген астықтың әр гектарынан 15 центнер өнім алу жоспарланған. Алайда биыл жауын-шашынның аз түсуінен диқандар әр гектардан 10 центнер өнім алған. Осылайша облысқа қажетті мал азықтық жем қажет деңгейінде жиналмай қалды. Мәселен, облысқа 742 мың тонна мал азықтық жем қажет болса, жинақталғаны 426,3 мың тоннаны құраған. Қажетті сұранысты қамтамасыз ету үшін Ақмола, Қостанай Солтүстік Қазақстан және өзгеде өңірлерден бидай, кебек, арпа сатып алу үшін операторлар белгіленді.
Бүгінде облыста жергілікті билік тарапынан аудан, қала әкімдеріне қысқа қажетті мал азығымен толық қамтамасыз етуге және шөптің бағасын көтермеу бойынша тапсырмалар берілуде.