САЙРАМ – ЕТ ӨНДІРУДЕН ЕҢ ОЗЫҚ АУДАН
Сайрам ауданында бір мезетте 42 мың бас малды қамтуға қауқарлы 1 012 мал бордақылау алаңы бар. Ағымдағы жылдың тоғыз айында ауданнан 9250 тонна ет сыртқы саудаға шығарылған. Бұл облыс бойынша экспортталған 22 мың тонна өнімнің 42 пайызына тең. Осылайша облыс бойынша мал бордақылаудан сансыз баптар мекені көш бастап тұр.
Бұл туралы аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Есепті мерзімде аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 140 млрд теңгеге жеткен. Жалпы өнімнің 59 пайызы ауылшаруашылығы саласына тиесілі. Жоспар бойынша жыл қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемін 166 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында ауыл шаруашылығында 82 млрд теңгеге жуық өнім өндірілген. Сонымен қатар ет өндірісі — 12 пайызға, сүт — 5 пайызға, жұмыртқа — 6 пайызға артқан.
Бүгінде ауданда ауыз су мәселесі түпкілікті шешілген. Сайрамдағы 42 елді мекен жүз пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Сондай-ақ, аудандағы 31 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Аудан халқын табиғи газбен қамту көрсеткіші 74%-ға жеткен.