ЖЕҢІМПАЗҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Жуырда Португалия астанасы Лиссабонда дзюдодан әлем чемпионаты өтті. Тартысты жарыста жерлесеміз, төлебилік Мәди Нәбиев жеңімпаз атанған болатын.

Ел намысын қорғап, мерейімізді үстем еткен балуан Мәди Нәбиев Төлеби ауданындағы стадионда жанкүйерлерімен жүздесті. Жиналған қауым ел абыройын асқақтатқан спортшыға құрмет көрсетті. Кездесуге Төлеби аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров, аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев қатысып, балуанды жеңісімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Хамзаұлы 2017 жылы самбодан әлем чемпионы және халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған балуанға алдағы уақытта да зор жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдірді.
Қазақша күрестен, самбодан және дзюдодан облыс, респбуликаның бірнеше дүркін чемпионы, байрақты бәсекелерде аудан абыройын асқақтатқан спортшымыздың жеңісі жерлестеріне қуаныш сыйлап қана қоймай, талай өскелең ұрпақтың спортқа бет бұруына ықпал етуде. Осы үшін де Мәди Нәбиевке аудан әкімі Төлеген Тұртайұлының атынан ат мінгізіліп, шапан жабылды. Балуан өзіне жанкүйер болып, қолдау білдірген аудан халқына алғысын білдірді.