ҮЗДІК АНИМАЦИЯ ТУЫНДЫЛАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Түркістанда халықаралық «AMEN» анимациялық фильмдер кинофестивалі өтті. Дәстүрлі шара қазақ анимациясының негізін қалаушы Әмен Қайдаровтың құрметіне арналған. Фестивальде түркі елдерінің үздік анимациялық фильмдерінің көрсетілімі ұйымдастырылды. Халықаралық деңгейдегі шараға «Ну, погоди», «Мулан», «Король лев» сынды танымал жобаларға қатысқан суретші аниматор Александр Дорогов, түркиялық продюсер Мусаб Гүндүз және отандық танымал анимациялық фильмдердің сценарий авторы әрі режиссері Батырхан Дәуренбековтер қазылық етті.
Фестивалде өзбек режиссер-аниматоры Азизбек Мухамедовтің «Дом на колесах» мультфильмі «Үздік анимациялық фильм» атанды. Жеңімпаздар одан бөлек тағы тоғыз аталым бойынша анықталды. Екі бірдей қатысушының жобасы үздік сериал атанды. Тынышқали Тілегеновтің «Бұзығым» және Бекдос Саятұлының «Суперкөлік самұрық» мультхикаясы өзге жұмыстар арасынан оқ бойы озық тұрды. Өзге шетелдік қатысушылар арасынан Башқұрт аниматоры Рим Шарафутдинов «Золотой дворец» туындысымен «Үздік режиссерлік жұмыс» сыйлығын жеңіп алса, тәжікстандық қатысушы Лолисанам Улугова «Хувайдо» мультфильмімен «Үздік сценарий» авторы атанды. Мейіржан Төлепбайдың «Жанұя» мультфильмі студенттер арасындағы үздік жұмыс деп танылса, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері Малика Мақсатқызы мен Қажыбек Гүлнұрдың туындылары «Үздік студенттік режиссерлік жұмыс» марапатын иеленді. Одан бөлек әділқазылардың арнайы сыйлығымен режиссер Нұргүл Дауытова мен Сұлтан Қыдырбаев марапатталды. Ал режиссер Мейіржан Төлепбай «Көрермен көзайымы» аталымына ие болды.
Байқауға ұсынылған комикстер арасында Мәди Өтегеновтің «Батыл сақшылар» жұмысы үздік деп танылды. Ал фестивальдің ең жас қатысушылары Түркістан «Оқушылар сарайының» анимация үйірмесінің тәрбиеленушілері креативті қөзқарасы үшін марапатталды.