«ДЕПУТАТТЫҢ ЕҢБЕГІН ХАЛЫҚ АРАСЫНДАҒЫ АБЫРОЙЫ МЕН ҚҰРМЕТІНЕ ҚАРАП БІЛУГЕ БОЛАДЫ»
Депутат – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Олар көп арасында жүріп, қоғамның өзегінде қайнап жатқан өткір мәселесін көтереді. Шешімін табуға атсалысады. Айлық алмайды. Жылы жерде жұмсақты жастанып жатпайды. Содан болар, көп «халық қалаулысы» деп құрмет көрсетеді. Әрине, баршасына емес. Дегенмен жұрт алдында жүріп, елдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген депутаттар бар. Жақында есімін көп жиі айтатын, жомарттық пен іскерліктің үлгісіне балайтын халық қалаулысымен сұхбаттасып қайтқан болатынбыз. Ол – Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Сулайманов Лазиз Низамханұлы. Сол сүбелі сұхбатты газетіміздің осы санында жариялап отырмыз. Назар салып, оқи отырыңыздар…
— Лазиз Низамханұлы, әңгімемізді мынадан бастағым келіп отыр. Халқымыз ер азаматты сөзіне қарап сынайтынын жақсы білесіз. Сізді сынамақ емеспін, дегенмен көпке қызық деп ойлаймын. Сіздің түсінігіңіздегі депутат кім және қандай болуы керек?
— Депутат — халық үнін билікке жеткізуші тұлға. Оның істеген ісі мен атқарған еңбегін халық арасындағы абыройы мен құрметіне қарап білуге болады. Халық қалаулыларына жалақы берілмейді. Қоғамдық жұмыс деген де дұрыс шығар. Ал өз жұмысынан бөлек, көптің мәселесін шешуге де уақыт тауып, халыққа қалтқысыз қызмет ету үшін асқан жауапкершілік, риясыз көңіл керек. Мандаттың міндеті жеңіл емес. Бұған жеңіл-желпі, бей-жай қарауға әсте болмайды. Депутаттық сайлауға түспес бұрын, бәрін салмақтап, таразылап, нақты шешім қабылдап алған жөн. Себебі халық қалаулысы көппен жұмыс істейді. Мәселе ушығып, арты айқайға ұласқан жерлерге барады. Халыққа басу айтады. Базынасын тыңдайды. Сондықтан таудай төзім, болаттай сабыр қажет. Елді ерте алатын көшбасшылық қабілет керек. Ал аталған қабілеті бар депутаттарды көп көгіне көтереді. Төрден орын ұсынады. Алғысын айтып, ақ батасын береді. Ондай әріптестерім көп. Өздеріңіз де білесіздер.
— Халық қалаулысы атанғаныңызға да жылға жуықтап қалды. Аз уақыт емес. Атқарылған істер мен шешілген мәселелер бар шығар?
— Атқарылған іс аз емес. Атап айтсам, өңірдегі өзекті мәселе – инфрақұрылым. Яғни тозығы жеткен жолдар мен ескірген су құбырлары түйткілді түйінге айналып отыр. Жыл басынан бері осы бағытта жұмыс істедік. Нәтиже жоқ емес. Толығырақ тоқталсам, Менделеев, Ақ ата баба, Ғозахан, Миртемир, Ұлықбек, Сыдықхан ата, Абай, Тиллахожаев, Юсуф ата, Жаңақұрылыс және өзге де бірқатар көшелердің тұрғындарымен кездесулер өткіздім. Кей көшелерге атау берілгеніне 80 жылдан асса да, табанына тас төселмеген. Сондықтан шұғыл түрде депутаттық сауал жолдап, 10 көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарға енгізуге ықпал еттім. Келесі жылға 15 көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге сметалық-жобалық құжаттар дайындалуда. Бұдан бөлек, халықтың өтініші негізінде, Ю.Сареми, Абдиров, Тиллахожаев, Жаңақұрылыс көшелеріне өз есебімнен тас төсеп, тегістеу жұмыстарын жүргіздім.
Ауыз су тапшылығы да айқын сезіледі. Осы күнге дейін өңірді ауыз сумен 2 мекеме, атап айтқанда, «Родник-2004» ЖШС мен «Сайрам су» ӨК қамтып келген. Дегенмен біраз уақыт бұрын халыққа су беру бойынша лицензиясының мерзімі бітіп, алдағы уақытта су беруді тоқтататындарын бір емес бірнеше рет ресми мәлімдеді. Мекеме басшылығымен сөйлескенімізде, «Сайрам су» ӨК жұмысты жалғастырмайтынын кесіп айтты. Себебі лицензия мерзімі ұзартылғанымен, бұдан пайда келмейді. Суға жиналған көптің ақшасы кеткен жарықтың шығынын өтеуге жетпейді. Бұдан бөлек, жұмысшылардың жалақысы бар. Құбырлары да ескірген. Сондықтан мекеме тек шығынға батады. Ешбір кәсіпкердің қолына алғысы келмейтіні де сондықтан. Аталған мәселені Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке жеткіздім. Қала әкімі мекемені алып, жұмысын жалғастыруым турасында ұсынысын білдірді. Міне, осылай 8 ұңғымасы бар «Сайрам су» өндірістік кооперативін сатып алдым да сорғыларын жеке қаржыма ауыстырдым. Нәтижесінде қазіргі уақытта 30 мыңнан аса адамды ауыз сумен қамтып отырмыз. Лицензиясы да ұзартылды. Айтқым келетіні, кейде өзекті де кезек күттірмейтін мәселе туындайды. Оның салдарын сан мыңдаған халық сезінуі мүмкін. Сондықтан қолдан келсе, мүмкіндік болса, істі қолға алып, көптің мәселесін шешуге тырысқан жөн.
Бұдан бөлек, Ленин учаскесіндегі су құдығын тазалау мен Гүлістан елді мекеніндегі су жинау сорғысын қайта жабдықтау жұмысы өз есебімнен жүрді. Ленин учаскесіндегі ауыз су мәселесі де оң шешімін тауып, 425 отбасының қуанышына себеп болды.
Сапалы электр энергиясымен қамту мәселесі де оң шешіліп келеді. Сайрам тұрғын алабы Көктерек елді мекеніндегі Жаңақұрылыс көшесінен арыз-өтініш түскен болатын. Ол бойынша депутаттық сауал жолданып, тиісті мекемелерге мәселе жеткізілді.
— Меценат ретінде көпке тигізіп жатқан көмегіңіз турасында да жиі естиміз. Әріптестеріміз айтып та, жазып та жүр. Осы турасында өзіңізден кеңірек ақпарат алғымыз келіп отыр. Жұрт аузындағы жаны жомарт меценат қандай игі бастамаларға демеу болды?
— «Бір қолың бергенді екінші қолың көрмесін» деген сөз бар. Сондықтан берілген көмек пен жасалған қайырымдылық турасында айта бермеймін. Ал өзіңіз қолқа салып отырсаңыз, бірқатарына тоқталуға болады.
Әріге бармай-ақ қояйын, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты ретінде Сайрам тұрғын алабындағы әкімшілік ғимаратымды жөндеп, жиһаздарын қойып, 20 жылға Халыққа қызмет көрсету орталығына тегін бердім. Аумағы 400 шаршы метрді құрайды. Қазірде ғимаратта модернизациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 110-нан астам аз қамтылған отбасыға азық-түлік себеттері үлестірілді. Қаржылай қиындыққа тап болған отбасылардың пәтер ақысы мен коммуналдық шығындарын төлеп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп тұрамын. Бір жолы мүмкіндігі шектеулі азаматтың көмекке мұқтаж екенін естідім. Арманы өздігінен жүретін мүгедектер арбасын алу екен. Бағалары орташа есеппен 500 мың теңгеден басталатындықтан, қалтасы көтермесі анық. Содан 650 мың теңгеге жаңасын алып, сыйладым. Айта берсек, мұндай жағдайдар көп.
Жол жөндеу, су тарту мәселесіне де демеушілік жасағанымды жоғары атап өттім. Әрине, мұның бәрі құр мақтан емес. Мен үшін көмегім тиген көптің батасы мен алғысы жеткілікті.
Осы тұста мүмкіндігі бар, қалталы азаматтарға айтарым, елдің дамуы сіз бен бізге байланысты. Үкіметке қол жайып отырмай, қолдан келгенше елдің көркеюі үшін қызмет ете берейік. Сонда ғана ел жиі айтатын елулікке емес, отыздыққа да оңай кіреміз.
— Nur Otan партиясының бірнеше партиялық жобасы барын білеміз. Халық қалаулылары аталған жобалар аясында түрлі шараларға қатысып, жұмыс істеп келе жатқанынан да хабарымыз бар. Дегенмен әлі де аталған жобалардың мәнін ашып, маңызын түсіндіру керек сияқты.
— Сауалыңыз орынды. Партиялық жобалар ұйымға деген сенімді күшейтіп, ұлттық құндылық пен тәрбиені терең насихаттауға, білікті кадрларды қалыптастырып, партия қызметін жаңғыртуға бағытталған. Қазіргі уақытта қаламызда «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Жастар Отанға!», «Құтты мекен», «Халыққа көмек» жобалары аясында көптеген игі бастамалар көтеріліп, жүйелі жұмыс істеліп келеді. Бірқатарына тоқталып өтейін.
«Жастар отанға» партиялық жобасын алайық. Мақсаты – жастар арасында патриотизмді насихаттау, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау. Осыған орай, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында футболдан 2007 жылғы жасөспірімдер арасында республикалық турнир өткіздім. Оған Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл, Алматы, Атырау облыстарынан және Шымкент қаласынан жалпы 8 команда қатысқан болатын. Шара жалғасын тауып жатыр. Осы аптада тағы бір республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Бірнеше облыстан жиналған бас-аяғы 12 команда футболдан өзара бақ сынап, чемпионды анықтайды. Мұның барлығы өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстап, спортпен шұғылдануына үлкен мотивация береді деп есептеймін.
Сонымен қатар мұғалімдердің біліктілігін арттыру, жас ұрпаққа сапалы білім беріп, саналы жастарды тәрбиелеу мақсатын көздейтін семинар да өткіздік.
«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында да бірқатар іс-шаралар өткізілді. Атап айтсам, «Испиджаб» бастауыш партия ұйымымен бірлесе отырып, Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының батыры Зиямат Хусановтың 100 жылдығы мен Зиямат Хусанов атындағы мектептің 85 жылдығына орай, ауыл тұрғындары мен ақсақалдарына арналған шахмат турнирі ұйымдастырылды. Жеңіс күні қарсаңында Қаратау ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне сый-құрмет көрсетіліп, сыйлықтар табысталды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, 30 игі іс шарасы аясында халықаралық Қарттар күні қарсаңында Қоғамдық Кеңес мүшесі Асқар Молдабекпен бірлесіп, қаладағы 265 қариясы бар қарттар үйіне бардық. Шараға қатысып, қарттарға уақытын көңілді өткізуге арналған керек-жарақтар сыйладық. Сондай-ақ №68 орта мектебінде «Қарттарым-асыл қазынам» тақырыбында арнайы іс-шара өткізіп, 10 қарияға сыйлықтар ұсындық.
«Халыққа көмек» партиялық жобасы бойынша да жүйелі жұмыстар істеліп келеді. Мәселен, елімізге оралған қандастарымыз құжаттарының әлі күнге дейін заңдастырылмай келе жатқанын айтып, қолдан келгенше көмек беруімізді сұрады. Фракция мүшесі ретінде құжаттарын рәсімдеуге кететін қаражат жағына демеушілік жасап, мәселелерінің заң аясында шешілуіне ықпал еттік. Сайрам тұрғын алабы Ташкенская көшесіндегі 24 отбасының ауыз су мәселесін де шештік. Әрине, мұның баршасы – атқарылып жатқан шаралардың бір парасы ғана.
— Бірнеше білім ордасын басқарып отырсыз. Соңғы уақытта мемлекет тарапынан мұғалімдердің мәртебесін көтеру мақсатын көздейтін түрлі бастамалар көтерілді. Арнайы заң да қолданысқа енген. Қалай ойлайсыз, әлі де күрмеуі шешілмей келе жатқан жайттар бар ма?
— Мен Nur Otan партиясының Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесі мен Nur Otan партиясының қалалық филиалы жанындағы Ғылым және білімді дамыту бойынша кеңестің мүшесімін. Сондықтан саланың қыр-сырына қанықпын деп айта аламын.
Сөзіңіз рас, қолға алынған шаралардың арқасында білім саласы біраз мәселеден арылды. Әйткенмен толық шешілді деп те айта алмаймын. Мысалы, біздегі қазіргі заңнамаға сәйкес, мемлекеттік мектепте оқитын, аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға бір реттік қаржылай көмек беріліп, кітап және ыстық тамақпен қамтылады. Ал Шымкент қаласында 14 мың бала жекеменшік мектептерде оқиды. Оның ішінде 6700 бала аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан. Міне, осы балалар жоғарыда аталған мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектің игілігін көре алмай келеді. Бұл – өзекті мәселе. Сондықтан өңірімізге іссапармен келген ҚР Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарына осы сауалды қойып, өз ұсынысымды айттым. Артынша Мәжіліс пен Сенатқа депутаттық сауал да жолдадым. Осы депутаттық сауал негізінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров премьер-министр Асқан Маминге сауал жолдап, қолданыстағы заң жобасына өзгерту енгізуді ұсынды. Қазір аталған мәселе қаралып, заңға толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Оң шешімін тапса, өріміздегі 6700 бала ғана емес, күллі республикадағы жекеменшік мектептерде оқитын өзге де мыңдаған баланың мәселесі шешіліп, әлеуметтік көмекке мұқтаж санатындағы оқушылар оқулықпен, оқу-әдістемелік құралдарымен, киім және ыстық тамақпен қамтылатын еді. Бұл өңірімізде шешілетін мәселе емес. Сондықтан депутаттық мандаттың арқасында республикалық деңгейде көтеріп, мәселенің шешілуіне барынша ықпал етудеміз.
Бұдан бөлек, қазіргі таңда мемлекеттік мектептен жекеменшік білім ордасына ауысқан ұстаздар қолжетімді баспана алу кезегінен шығарылады екен. Бұл педагогтардың өзекті мәселесіне айналып отыр. Сондықтан аталған теңсіздікті жойып, ұстаздардың жұмыс істеп жатқан мекемесіне қарамай, құқықтары тең деңгейде қорғалуы үшін заңға өзгеріс енгізу туралы ұсыныс тастадым. Енді мәселенің шешілуі – болашақтың еншісінде.
— Ағымдағы жылдың қыркүйек айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл турасында әріптестеріңіз жарыса жазып, пікір білдіріп жатыр. Жолдауда сіз күткен бағыттар мен міндеттер айтылды ма?
— Жолдауда мен ғана емес, жалпы қоғам күткен өзекті мәселелер айтылып, маңызды міндеттер қойылды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен негізгі 7 мәселе мен 5 бастама қоғамның сан түрлі саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тың серпін береді деп есептеймін. Өз кезегінде, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты ретінде мемлекет басшысы қойған міндеттерді толығымен жүзеге асыруға барымызды саламыз.
Маңызды құжатта көрсетілген бастамалар жүзеге асса, білім саласының бәсекеге қабілеттілігі артып, шағын және орта бизнестің даму қарқыны күшейе түседі. Ал әлеуметтік тұрмысы түзеліп, әлеуеті артады деген ойдамын.
Осы тұста баса айтқым келетін, Қазақстан – баршамыздың Отанымыз. Елдің көркеюіне әрбіріміз жауаптымыз. Қарапайым қызметкерден бастап, ел тұрғындарына дейін ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, қызметін қалтқысыз атқарса, еліміз биіктерді еңсере бермек. Ынтымақ – бірлігі бекем елде болады. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құтты болсын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктей берсін!
— Уақыт бөліп, сұхбатқа келісім бергеніңіз үшін редакциямыз тарапынан алғысымызды білдіреміз. Игі іс, жақсы жаңалығыңызбен әріптестеріміздің көз қырына түсе беріңіз деп тілейміз!
Сұхбаттасқан,
Құдірет МОМЫНХАН.