ЖЕМҚОРЛЫҚ ДЕРЕГІНІҢ КӨБІ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШАЛЫҚ САЛАСЫНА ТИЕСІЛІ
Жуырда еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрдәулет Ильясұлы 9 айда атқарған жұмыстарының есебін баяндады.
Оның сөзінше есепті мерзімде департамент мамандары 73 қылмысты анықтаған. Анықталған қылмыстардың 55-і сыбайлас жемқорлыққа қатысты болған. Сонымен қатар ол, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашалық саласына тиесілі екенін атап өтті. Мәселен, аталған салада сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстардың саны 15-ке жетсе, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау салаларында-12, құқық қорғау органдарында-11, білім беру және құрылыс салаларында 10 қылмыс анықталған.
Одан өзге жыл басынан бері облыста бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша 25 қылмыс анықталған. Салдарынан мемлекетке 561,1 млн тенге көлемінде залал келген. Бүгінге дейін бұл соманың 59,9 пайызы өндірілген. Департамент тарапынан жүргізіліп жатқан мемлекеттік сатып алуларға тиісті мониторинг жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 9 айда 512 млн теңгеден астам қаржы үнемделген.
Департамент өкілі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе қылмыстың алдын алуға өзге де жолмен жәрдемдескен 9 тұлғаға жалпы 1,8 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілгенін айтты. Айта кетейік, биыл байланыс орталығы арқылы 5 қылмыстық іс тіркелген екен.