ТОҒЫЗ АЙДА БЕС МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН МҮГЕДЕКТІКТІ РӘСІМДЕГЕН

Ағымдағы жылдың тоғыз айында Түркістан облысында медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерімен 23 145 мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Оның ішінде 4 737 мемлекеттік қызмет мүгедектікті алғаш рет белгілеу болып табылса, қалған 18 408 қызмет мүгедектікті қайта куәландыру және оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлеу болған.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің ресми өкілі Ернар Пернеқұлов мәлімдеді
Есепті мерзімдегі статистика бойынша облыстағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны 97 мыңнан асқан. Бұл облыс тұрғындарының 4,7 пайызына тең. Мүгедектердің жалпы санының 15,2 пайызы — балалар, 84,8 пайызы — 18 жастан асқан ересектер. Департамент өкілінің сөзінше ересектер арасында жиі кездесетін мүгедектік аурулар қатарында қан айналымы жүйесінің бұзылулары (27,8%), жарақат алулар (13,3%), қатерлі ісік аурулары (14,2%) алға шығады. Ал 18 жасқа дейінгі балалар арасында жиі кездесетін сырқаттарға дамудың туа біткен аномалиялары (33,8%), жүйке жүйесі аурулары (24,4%), психикалық және мінез-құлқының бұзылуы (9,8,3%) дерттері кіреді.