ТҮЛКІБАСТА АЛҒАШ РЕТ ЖАМБАС СҮЙЕГІН ПРОТЕЗДЕУ ОТАСЫ ЖАСАЛДЫ
Түлкібас аудандық орталық ауруханасының жарақат бөлімінде алғаш рет жамбас сүйегін протездеу отасы жасалып, сәтті аяқталды.
Күрделі ота 1949 жылы туылған жергілікті тұрғынға жасалды. Шебер сағаты негізінде жүргізілген ота кезінде облыстық клиникалық ауруханадан арнайы келген ортопед-травматолог дәрігерлер Сұлтан Мұсаев мен Зафар Мирзаметов аудандық дәрігерлерге тәжірибелерін бөлісті. Аудандық аурухананың жарақат бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Нұрлыбаев «Біздің мұндай оталарды жасауға қабілетіміз бен біліміміз, тәжірибеміз қаншалықты жеткілікті болса да, жабдықтардың жеткіліксіздігі қолымызды байлап, осындай диагнозбен түскен науқастарға қолайсыздық тудыратын. Дегенмен бас дәрігер Бақыт Кеңесбекұлы 2020 жылы жарақат бөліміне ерекше көңіл бөліп, қажетті құрал-жабдықтар мен материалдарды алуға ықпал етті» дейді.
«Уақыт».