ШАҚАЛАҚТАРЫ ҚОҚЫС ПЕН ӘЖЕТХАНАҒА ТАСТАЛҒАН ЕЛДІ ҚАУІПСІЗ ДЕП ҚАЛАЙ АЙТАМЫЗ?

Жуырда Numbeo ғаламдық дерекқоры қауіпсіз елдер рейтингісін жариялады. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша барлығы 137 елдегі криминогендік ахуал зерделенген рейтингте Қазақстан 98- орынға жайғасқан.

Қауіпсіздік индексін есептеу Numbeo сауалнамаларына негізделген. Индекс көрсеткіші 20-дан төмен болса елде қауіпсіздік деңгейі өте төмен, 20-дан 40-қа дейінгі индекс көлемі — төмен, 40-тан 60-қа дейінгі аралық — орта, 60-тан 80-ге дейінгі аралық-жоғары, 80-нен көп болса-өте жоғары деңгейде болып саналады.
Барлық көрсеткіштер бойынша Қазақстан Республикасындағы қауіпсіздік индексі 46,23 болған. Жарты жылда Қазақстанда 114 мыңға жуық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың ұқсас мерзімімен бірдей. Тіркелген құқық бұзушылықтардың 29 мыңы ауыр және аса ауыр қылмыс болып табылады.
Қылмыстардың көп бөлігі дәлірегі, 50,8 мың жағдай ауырлығы орташа дәрежедегі құқық бұзушылық ретінде тіркелген. Ал 16,7 мың жағдай онша ауыр емес құқық бұзушылық, 27,3 мың жағдай ауыр және 1,6 мың жағдай аса ауыр құқық бұзушылық болған.
Қылмыстардың көпшілігі Алматы қаласында тіркелген. Есепті мерзімде мегаполисте 18,1 мың құқық бұзушылық болған. Анти-лидерлердің үштігінде Нұр-Сұлтан (11,6 мың) және Алматы облысы (10,8 мың) бар. Өңірлер бойынша құқық бұзушылықтың ең аз тіркелуі Қызылорда облысында (2,6 мың) байқалған.
Қауіпсіз елдер рейтингісі бойынша Қазақстан ТМД елдер арасында төмен тұр. Мәселен, Армения 10-орында болса, Әзірбайжан -34, Өзбекстан -37, Ресей -52, Молдава-76, Украина-81 орында. Тек Беларусь пен Қырғызстан Республикаларының индекс көрсеткіші Қазақстаннан сәл төмен.
Қауіпсіз елдер рейтингісінде Катар Республикасы 87,87 индекс көрсеткішімен көш бастап тұр. Үштікті Біріккен Араб Әмірлігі (84,77) және Тайвань (84,54) мемлекеттері түйіндейді. Антирейтингтің соңында Венесуэла мемлекеті жайғасқан. Ел индексі 16,24 құрайды.
Numbeo келтірген деректерге сүйенсек Қазақстанда ұрлық белең алған. «Қанатын кеңге жайған» қылмыстардың тағы бірі – алаяқтық. Заңсыз есірткі саудасы да еселеп барады. Жол қозғаласы мен көлік құралдарын басқару ережелеріне бағынбағандар да көп.

Numbeo ғаламдық дерекқорының Қазақстанның қауіпсіз елдер рейтингісінде көш кейін тұрғаны туралы мәліметін сапаға емес, санға жұмыс істеуге құмбыл кейбір шенеуніктер шындықтың ауылынан мүлдем алыс деп тұжырып, оған құрықталған, жолы кесілген қылмыстар дерегін тұздық етуі мүмкін. Алайда…
Жұрт қыстан қысылмаудың қамына білек сыбана кірісетін қазан айының алғашқы күнінде Атырау облысының Индербор кентінде 31 жастағы әйел жаңа туылған баласын әжетханаға тастап кетеді. Дін аман туылған сәбидің іңгалаған дауысын сол маңнан алаңсыз өтіп бара жатқан көрші естіп, жедел жәрдем шақырады. Абырой болғанда жедел жәрдем жедел жетіп, әжетханаға лақтырылған баланы алып шығып, өлім аузынан алып қалады. Дәл осыған ұқсас жағдай апта басында Төретам кенті (Қызылорда облысы) мен Шымкент қаласында тіркеледі. Бірақ бұл екі өңірде жаңа туылған шақалақтар әжетханадан емес, қоқыс салатын контейнерлерден табылады. Төретамнан табылған 5 айлық шақалақ болса, Шымкенттен табылған тастанды толық жетіліп туылған 9 айлық нәресте. Екеуін де қоқыс жинаушылар тауып алған. Өмірге келмей жатып өз аналарынан қорлық көрген бұл шақалақтардың тағдырын көріп, ортамызда қауіпті адамдар жоқ деп қалай айтамыз?! Ал қоғамында қауіпті адамдары бар елді қалай қауіпсіз дейміз?!

С. ИБРАГИМОВА.