«АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ БАҒДАРЛАМАСЫН АУЫЛМЕН ҒАНА БАЙЛАНЫСТЫРУ – ЖАҢСАҚ ТҮСІНІК

Ауыл – қазақтың түп тамыры. Қазақы құндылықтар мен ұлттық тәрбие де негізгі өзегін ауылдан алып жатыр. Әрбір азаматтың ауылға деген құрметі ерек, көзқарасы бөлек. Елдің атын шығарып, көк туын көкте желбіреткен талай тау тұлғалар ауылдан шыққан. Талантты азаматтардың дені сұхбаттарда ескідегі жылы естеліктерін ауылмен байланыстырып отырады. Сондықтан ауылдарға айрықша назар аударып, өзекті де өткір мәселелерін дер кезінде шешіп отыруымыз тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының алар орны айрықша. Қазірде шалғайдағы ауылдардың мәселесінің шешілуіне мұрындық болып, талай тың бастамаларды ұсынған партияның беделі күн сайын биіктеп келеді.

Жасыратыны жоқ, шалғайда жатқан ауылдарда инфрақұрылым мәселесі әлі де бар. Кей өңірлерде тозығы жеткен жолдарды жөндеу керек. Енді бірінде су мен жарыққа қатысты түйткілді түйіндер жетерлік. Бір ауылдарда мектеп пен балабақша мәселесі күн тәртібінде тұр. Байланыс болмай, жаһандық ғаламтордың игілігін көре алмай отырған өңірлердің барын да жоққа шығара алмаймыз. Ауылдарда Қазақстан халқының 42 пайызы тұрады. Бұл дегеніміз — 8 миллион тұрғын. Сондықтан мұндай күрделі мәселелер дер кезінде шешуді талап етеді. Ал «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы осындай елді мекендерде өмір сүретін тұрғындармен қатар ауылды аймақтар мен ауыл шаруашылығының дамуына айрықша үлес қосып жүрген азаматтарды біріктіреді. Олардың дені — шаруалар, агроөнеркәсіп кешенінің қызметкерлері, білім беру жүйесі мен денсаулық сақтау саласының өкілдері, әлеуметтік қамту бағытында жұмыс істеп жүрген азаматтар. Демек ауылдың қайнаған тіршілігін де, түйткілді мәселесін де біледі деген сөз.
Бүгінде әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Түрлі саяси оқиғалар орын алуда. Көп күтпеген, тіпті, ойына келмеген жайттарды көзіміз көрді. Осындай сын сағат Уинстон Черчиллдің «Британияның мәңгілік дұшпаны да, досы да жоқ, тек мүддесі ғана бар» деген қанатты сөзін дәлелдей түскендей. Бұл әр ел өзін отандық өніммен қамтамасыз ете алуы тиіс деген ойға жетелейді. Ал халықтың әлеуметтік ахуалына тікелей әсер ететін тауардың көш басында азық-түлік тұр. Бұл тағы да ауыл шаруашылығына келіп тіреледі. Бұл салада мәселе жетерлік. Тіпті, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында да «Ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсілдерін мұқият қарауымыз қажет. Агроөнеркәсіп кешені қолданатын технологияның шамамен 90 пайызы әбден ескірді. Оны жаңарту керек» деп атап өткен болатын. Бұл мәселе бойынша 13 профильді ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, ғылыми мамандары мен қызметкерлерін өз қатарына қабылдаған «Ауыл» партиясы құзырлы мемлекеттік органдармен етене жұмыс істеп келеді.
Бұдан бөлек, ауыл мен ауыл шаруашылығының имиджін көтеру бағытында партия тарапынан ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Атап айтсақ, жыл сайын «Ауылым — алтын тұғырым» атты әдеби онлайн-конкурс ұйымдастырылады. Оған еліміздегі ауыл тақырыбына проза мен поэзия жазып жүрген ақын-жазушылар қатысуда. Үш жыл ішінде «Драма», «Поэзия» және «Проза» номинацияларында 12 жинақ басып шығарылды. Одан бөлек ауыл тақырыбында мыңдаған шығарма жиналды. Партия 2016-2021 жылдары қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша 1000-нан аса іс-шара өткізді. Үкімет пен мемлекеттік органдарға ауыл мен ауыл тұрғындарының мәселелерін шешу мақсатында 30-дан астам ұсыныс берілді. Сонымен қатар ауыл мен ауыл шаруашылығының имиджін көтеруге арналған 5 арнайы жоба өткізіліп жатыр. Мұның барлығы — республикалық деңгейде өтіп жатқан ауқымды шаралар.
Өңірімізге келсек, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты ретінде атқарып жатқан шаруаларымыз аз емес. Кез келген партияның басты бағыттарының бірі – халықтың тұрмыстық әлеуетін жақсарту десек, бұл бағытта да мәслихаттағы «Ауыл» партиясының депутаттары тұрғындарды мазалаған мәселелер бойынша депутаттық сауал жолдап, ұсыныстар беріп келеді. Өзекті мәселелерге келсек, біраз жыл бұрын Шымкентке облыстан бірнеше елдімекен қосылды. Міне, сол елді мекендерде инфрақұрылым мәселесі әлі де өзекті. Сондықтан халық қалаулысы ретінде ол жерлерге жиі барып, тұрғындармен кездесулер өткіземіз. Тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, тиісті басқармаларға хат жолдап, мәселенің шешілуіне ықпал етіп келеміз. Өңірімізде жыл басынан бері бірқатар шаралар өтіп, игілігі мол бастамалар көтерілді. Әлеуметтік көмек сұрап келгендердің бәріне демеушілік етіп, қол ұшын бердік.
Ұлттық идеология ісі де партия назарынан тыс қалмаған, қалмайды да. Ұлттық бірегейлікті сақтап, ұлттар мен ұлыстардың арасындағы ынтымақтастықты дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, менің сайлау округімде бірнеше ұлттың өкілі тұрады. Олармен ылғи байланыстамын. Әр шаңыраққа барып, мәселесімен танысып отырамын. Халық қалаулысы ретінде баршасының басын қосып, жиындар өткізіп, мәселелеріне құлақ асамын. Содан болар бірлігі бекіп, береке дарыған өңіріміздің аты тек жақсы жағынан танылып келеді. Сайлау округі бойынша дау шығып, арты айқайға ұласқан жағдайлар болмаған. Әр халық қалаулысы өз сайлау округіндегі тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істесе, ұлттар мен ұлыстардың бірлігін нығайтса, ешбір сыртқы күш ынтымағымызға сызат түсіре алмайды деген сенімдемін.
«Ауыл» партиясының бағдарламасын ауылмен ғана байланыстыру жаңсақ түсінік. Себебі «Ауыл» партиясының бағыттары қоғамның барлық саласын түгел қамтиды. Атап айтсақ, партиямыздың басым бағыттарында аграрлы секторды мемлекеттік реттеу мен қолдауды күшейту, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мүддесін қорғау, қоғамның демократиялануы үшін саяси және экономикалық реформалардың жүзеге асырылуына көмек көрсету, нарықтық экономиканың дамуы, халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге ықпалдасу, сондай-ақ қоғамның патриоттық тәлімін күшейту бар. Партия құндылығы – рухани байлық, патриотизм, адалдық, құқықтық теңдік, ынтымақтастық. Мақсаты – Қазақстан тәуелсіздігі мен әлеуетінің нығаюына қолдау көрсету, ұлттық рухты сақтау, өмір сүру деңгейін көтеру, мәдениет, дәстүр, тіл мен ділді сақтау. Міне, жоғарыда аталған бағыттарды ескерсек, «Ауыл» партиясының түпкі идеясы тереңнен бастау алып жатқанын аңғарамыз. Мәслихаттардағы «Ауыл» партиясының депутаттары өңірлердегі өзекті мәселелерді анық әрі айқын біледі. Түйткілді түйіндерді тап басып, тиімді шешу жолдарын ұсына алады. Бүгінде, жоғарыда атап өткенімдей, ауылшаруашылық саласында мәселе жетерлік. Соның бірі де бірегейі — білікті кадрлардың жетіспеуі. Бұл мал және егін шаруашылығын дамытуға тұсау болып отыр. Мұны Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда да атап өтті. Сондықтан аталған бағытта министрлікпен, тиісті басқармалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істелуі керек. Жанар-жағармай бағасының құбылуы да аталған саладағы өнімділіктің төмендеуіне әкелуде. Бұл да кезек күттірмейтін күрделі мәселе. Ауылдың мәселесі – елдің мәселесі. Себебі мемлекетіміздің азық-түлік бойынша шетелге алақан жаймауы дәл осы ауыл шаруашылығына байланысты. Осы тұста ата-аналарға арнайы үндеу жасағым келеді. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығында білікті кадрлардың жетіспеушілігі айқын аңғарылады. Ата-ана ретінде балаға бағыт-бағдар беру – біздің міндетіміз. Еңбек нарығымен санасу керек. Сұранысы жоғары мамандықтарға көңіл бөлген жөн. Бізде осыдан бірнеше жыл бұрын сұранысқа ие болған мамандықтарды меңгергісі келетіндер көп. Дегенмен уақыт бір орнында тұрмайды. Сондықтан оқу орнын тәмамдаған соң жұмыс таппай, табаннан тозып жүрген жастарды жиі көреміз. Ал ауыл шаруашылығы саласында қаржы да, ресурс та бар. Салада бизнес бастап, кәсібін дөңгелеткісі келетіндерге де барлық жағдайлар жасалған. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп, іс бастап, жетістікке жетіп жатқандар жетерлік. Сондықтан балаға бағыт-бағдар беруде ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті мен мүмкіндігін де ескерген жөн.
Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл» партиясы ұлттық патриотизмге айрықша мән береді. Себебі елдің әлемдік көштен кейін қалмай, алда жүруі нағыз ұлтын сүйген өскелең ұрпаққа байланысты. Осы тұста Отанның отбасынан басталатынын ұмытпауымыз керек. Әр азамат әуелі өз шаңырағының іргесіне ырыс тұралатып, отбасының ынтымағын арттыруы, тәлімді тәрбие беруі тиіс. Ұлттық тәрбиемен сусындаған ұл мен қыз ата-анасын құрметтейді, елін сүйеді, Отанына риясыз қызмет етеді. Қазіргі ақпарат ағыны арнасынан асып тұрған заманда пиғылы бөтен ағымдар көбейіп барады. Оның жетегінде жас ұрпақ кетуде. Мұны да ұмытпағанымыз жөн. Себебі бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі еліміздің көшін сүйреушілер. Жаһанданудың жойқын дауылына төтеп бере алмай, ұлттық бірегейліктен ажырап, ынтымағы ыдыраған талай елді көзіміз көрді. Сондықтан бұған бей-жай қарауға әсте болмайды. Сырт көзге қарапайым көрінгенімен, тамыры тереңнен бастау алып жатқан ұлттық идеология бағыты да партиямыздың басты назарында екенін айтқым келеді.
Қорыта келсек, “Ауыл” партиясының бағдарламасында еліміздің дамуына серпін берер барлық бағыттар қамтылған. Ауыл мен ауыл шаруашылығы саласының мәселесіне асқан байыппен зерделеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Мәслихаттардағы «Ауыл» партиясының депутаттары да халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, ел мәселесінің шешілуіне ықпал етуде. Баршамыздың мақсатымыз бір – еліміздің дамуы мен кемел келешектің іргесін бекіту.
Мемлекетіміздің әлемдік қауымдастықтағы беделі биіктеп, абыройы асқақтай берсін! Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы баршамызға құтты болсын!

Қуаныш Дәулеталиев,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты,
«Ауыл» партиясының мүшесі.