ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛГЕН ТҰРҒЫН ҮЙ КӨЛЕМІ АРТҚАН

Ағымдағы жылдың тоғыз айында елімізге тартылған инвестиция көлемі 15,1 пайызға артқан. Өңірлер арасында инвестиция тарту бойынша Шымкент қаласы алғашқы орыннан көрінді.

Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда қалаға инвестиция тарту көрсеткіші 38,8 пайызға өскен. Одан кейінгі орында 30,5 пайыздық көрсеткішпен Ақтөбе облысы тұр. Үштікті 17,8 пайызбен Алматы қаласы түйіндейді.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында мәлімдеді.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жоғары көрсеткіштері құрылыста (126,3%), өңдеу өнеркәсібінде (80,6%), саудада (37,8%), ауыл шаруашылығында (36,7%), жылжымайтын мүлікпен операцияларда (18,9%), қаржы қызметінде (15,6%), ақпарат пен байланыста (14,3%) байқалған.
Ведомства басшысы әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық макрокөрсеткіштері бойынша оң өсу Шымкент қаласымен қатар, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстарында байқалатынын алға тартты.
Сонымен қатар ол, тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша барлық өңірлерде оң өсім байқалғанын атап өтті. Атап айтқанда, осы жылдың тоғыз айында еліміз бойынша барлығы 10,4 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға көп. Ал Шымкент қаласында бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11,4 пайызға өскен.