ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕМЕН ҮЙ АЛУДЫҢ ЖОЛЫ КӨП
Шымкентте тұрғын үй алу тізімінде түрлі санаттар бойынша 46 426 азамат кезекте тұр. Арендалық тұрғын үйлер көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға қарастырылған. Ал бюджеттік ұйым қызметкерлеріне «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелік бағдарламалар ұсынылуда.
Тұрғындардың баспаналы болуына барынша ықпал ету мақсатында түрлі жеңілдіктер қарастырылып келеді.
Мәселен, биыл жергілікті бюджет есебінен тұрғын үй серитификатына 500 миллион теңге бөлініп отыр. Несиелік бағытта баспана алуға ниет білдіргендерге қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаға 1 миллион теңгеден берілуде. Бүгінде 132 азамат тұрғын үй сертификатын алып үлгерген. Өтінімдерді қабылдау 1-қазаннан бастап қайта басталады. Азаматтардың құжаттарын онлайн қабылдау «www.kezekte.kz» сайты арқылы жүзеге асады.
Қалалық тұрғын үй басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері «Отбасы банкі» арқылы «5-20-25» бағыты бойынша кредиттік тұрғын үймен 729 азамат қамтылған болса, оның 261-і тұрғын үй кезегінде тіркелгендер екен.
Жыл басынан бері «7-20-25» бағдарламасы бойынша Шымкент қаласындағы екінші деңгейлі банктер арқылы 1362 азамат алғашқы тұрғын үйді нарықтан несие рәсімдеп сатып алған. «2-10-20 — Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 158 отбасы тұрғын жаймен қамтамасыз етілген.
Жыл соңына дейін «7-20-25», «5-10-20», «5-20-25», «2-10-20» сынды жеңілдетілген кредиттік тұрғын үйлермен 4 413 отбасыны қамту жоспарлануда.