ТҮРКІСТАНДЫҚ ҮШ ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ ЖАС ШЕКАРА ШЕБІН КҮЗЕТЕДІ

Биыл күзгі әскерге шақыру науқанының алғашқы командалары Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің облыстық жинақтау пунктінен мерзімді әскери қызметін өткеру үшін өз кезегімен аттануда. Осы жолы Түркістан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінен еліміздің батысындағы шекара шебіне бір топ отан қорғаушы жастар аттанды.

Азаматтық борышын өтеуге аттанар алдын болашақ сарбаздар медициналық тексеруден, психологиялық тестілеуден және баратын әскери бөлімнің өкілімен сұхбаттасудан өтеді.
Қалыптасқан дәстүр бойынша әр команданы шығарып салуға Ауған соғысы және Қарулы Күштер ардагерлері келіп, болашақ сарбаздарға әскери қызметте табыс тілеп, ақ батасын береді. Қанаттарын қатайтатын, жігерлерін жандыратын тәрбиелік мәні бар сөздерін арнайды.
Күзгі әскерге шақыру туралы Түркістан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Нұрмаханбет Дюсебаев «Қазіргі таңда облысымыздың барлық аудандарында әскери қызметке жарамды жасы 18-ге толған және 27-ден аспаған ер-азаматтар шақыру қағаздарын алып, алдымен аудандық, одан кейін облыстық жинақтау пунктінде медициналық тексеруден өтуде. Егер денсаулығы қалыпты болса, олар әскерге аттанады. Осы жылы күзде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне үш жүзге жуық, Қарулы Күштерге жеті жүзден аса және Ұлттық Ұланға сегіз жүзден астам ер азаматты жіберу жоспарланған», — деді.
Жеке құрамның денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында болашақ сарбаздар COVID-19-ға ПТР-тест тапсырады. Әскери бөлімге келген соң, олар екі апталық карантинге орналастырылып, қайтадан ПТР сынағын тапсырып, медициналық тексеруден өтеді.
Осы жылдың күзінде Түркістан облысынан барлығы екі мыңға жуық азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады. Қалыптасқан қағида бойынша ҰҚК Шекара қызметінің қатарын толықтыратын болашақ сарбаздар басқа күштік құрылымдардан бұрын зерделеніп, әскери қызметке бұрын қосылады.