САЯБАҚТАР САНЫ АРТАДЫ

Шымкентте 8 саябақ, 39 гүлзар бар. Олардың барлығына шаһар тіршілігін қамтамасыз ететін арнайы мекеме қызметкерлері күтім жасайды. Бұдан бөлек, 2025 жылға дейін үшінші мегаполисте 23 гүлзар, 4 саябақ салынады.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді.
Экологияны жақсарту мақсатында қалада тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде бірнеше жұмыстар атқарылған. Бірақ әлі де қолға алынуы тиіс жұмыстар өте көп. Мәселен, Еуропа елдерінде әр адам басына 24 шаршы метр жасыл желектен келеді екен. Ал Алматыда бір адамға есептелген жасыл желек көлемі 13 шаршы метрге жетеді. Шымкентте бұл көрсеткіш тым төмен. Небары 5-6 шаршы метр. Жалпы стандарт бойынша жан басына шаққанда жасыл желек көлемі 10 шаршы метрден кем болмауы тиіс. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің хаттамалық тапсырмасына және шаһарды көгалдандыру мен көріктендіруге байланысты жасалған арнайы бағдарламаға сәйкес, 2025 жылға қарай қосымша 23 гүлзар, 4 саябақ салу жоспарланған.
Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ғалымжан Ильясов «Қаладан 23 жер аумағынан гүлзарлар салу жоспарланған. Ол аймақтарда жыл сайын гүлзарлар салынады. Келесі жылға 6 аумақта гүлзар құрылысын жүргізу жоспарда тұр. «Шым-Сити» шағынауданынан 47 гектар аумаққа саябақ салынады. Ол көлемі жағынан шаһардағы дендросаябақтан кейінгі екінші үлкен рекреациялық орын болады. Биыл «Фиркан сити» сауда ойын-сауық орталығының маңындағы бұрынғы қоқыс полигонының орнынан салынып жатқан жаңа саябақтың құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Және келесі жылы 12-шағынауданда 1,6 гектар аумақты құрайтын тағы бір саябақтың құрылысы аяқталады»,-деді.