«АҚЫЛДЫ АЯЛДАМАЛАРДЫҢ» АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

Шымкентте М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған мектеп жанынан екі «ақылды аялдама» пайдалануға берілді. Аялдамалар демеушілер есебінен ашылды.

Жаңа аялдамада жолаушылардың ыңғайлылығы үшін тегін wi-fi, смартфон қуаттағыш көздері, кондиционер, қаланың картасы және маршрут бағыттары көрсетілген электронды тақтайша, бейнебақылау камералары орнатылған.
Жаңа аялдаманың ашылуына қатысқан қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мұндай жобалардың маңызы туралы «Инвестор салып отырған бір аялдаманың құны 8 млн. теңгені құрайды. Өкінішке қарай, қалалық бюджет есебінен мұндай қаржыға аялдамалар сала алмаймыз, бағасы өте қымбат. Ақылды аялдаманың ең үлкен артықшылығы – жазда салқын, қыста жылы. Тағы бір тиімділігі электр жүйесінің шығындары мен күтіп ұстау, тазалық мәселелері де инвестордың жауапкершілігінде болады»,-деді.
Аялдамаларды қауіпсіз ету әрі мүлкін сақтау мақсатында онда бейнебақылау камералары орнатылған. Бейнебақылау камерасы қалалық Полиция департаментінің шұғыл орталығына қосылған.
Айта кетсек, жыл соңына дейін жолаушылардың хабы саналатын 8 нүктеге соңғы үлгідегі ақылды аялдамалар салу жоспарланып отыр.