ӨРТТЕН КЕЛГЕН ШЫҒЫН 90 ПАЙЫЗҒА КӨП

Ағымдағы жылдың 20-қазанына дейін еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Жол картасының келісілген жобасын дайындауы қажет.

Тиісті ведомстваға мұндай тапсырманы Үкімет басшысы Асқар Мамин тапсырды.
Елімізде өрт қауіпсіздігі мәселесі өзекті. Ресми дерек бойынша ағымдағы жылдың 8 айында Қазақстанда 7 515 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,8%-ға аз болғанымен, жалыннан көз жұмғандар саны 20,6 пайызға, түрлі дәрежедегі жарақат алғандар саны 18,5 пайызға, ал оқыс жағдайдан келген материалдық шығын 90,6 пайызға көп. Яғни, есепті мерзім ішінде тілсіз жаудан 251 адам қаза тауып, 217 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Өрттен келген материалдық шығын 6,5 млрд. теңгені құраған.

Өрттердің ең көп саны тұрғын үй секторында (58%) және көлікте (18,5%) болған.
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасында өрт сөндіру бекеттерін заманауи техникамен жарақтандыру, ерікті өртке қарсы құралымдарды дамыту, ерікті өрт сөндірушілердің әлеуметтік кепілдіктері мен жеңілдіктерін жақсарту, адамдар көп болатын пайдалануға берілетін объектілерге, тұрғын үй және биік ғимараттарға қойылатын өрт қауіпсіздігі талаптарын күшейту мәселелері көзделетін болады.