ЖҮЙЕДЕ 40 МЫҢҒА ЖУЫҚ ШЕТЕЛ АЗАМАТЫ ТІРКЕЛГЕН

Ағымдағы жылдың мамыр айында Шымкентке қанша туристің табаны тиетінін автоматты түрде есептеп отыратын «eQonaq» бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылған болатын. Қаладағы қонақүйлерге орнатылған жүйе қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы арасындағы екіжақты келісім аясында жүзеге асқан.

Соған сәйкес мегаполиске келген туристер бұған дейінгідей Көші-қон полициясына барып немесе «егов» порталына кіріп уақыт жоғалтпай-ақ, өздері тоқтаған қонақ үйде қызметкерлердің көмегімен немесе өз ықпалымен тіркеле алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл туристерді есепке алу, туристік ағынды талдау және көші-қон бақылауын жүзеге асыруға арналған жүйе. Бүгінгі күнге дейін базада 40 мыңға жуық шетел азаматы тіркелген.
Жалпы Шымкентте туристерді орналастыратын 120 орын бар. Оның жетпісі атап айтсақ, қонақ үйлер, хостелдер және демалыс үйлері «eQonaq» бірыңғай ақпараттық жүйесін қолданып келеді. Жыл соңына дейін барлық нысанға «eQonaq» бірыңғай ақпараттық жүйесін орнату жоспарланған.