«ASHYQ» ЖОБАСЫНА 4748 БИЗНЕС СУБЬЕКТІСІ ҚОСЫЛДЫ

Өткен айдың алғашқы күнінде Шымкентте коронавирустың үнді штаммы тіркелген болатын. «Дельта» щтаммы деп аталатын кеселдің қауіптілігі оның жылдам жұғып, тез тарайтындығында еді. Біраз уақыттан бері эпиджағдайы «сары» түсте тұрған үшінші мегаполис сол кезде эпидемиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймаққа өтті. Аталған ауру түрі Шымкентте тіркелгеннен бастап, қаланың эпидахуалы тұрақсыздана түсті. Бұл деректі қала әкімі Мұрат Әйтеновте Үкіметтің кеңейтілген отырысында да қуаттады.

Осы аптаның сейсенбісінде Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен отырыста өңірлердегі санитарлық-эпедемиологиялық жағдай талқыланды. Отырыста Шымкент қаласының әкімі ағымдағы жылдың маусым айында қалада коронавирустың 1489 жағдайы тіркелсе, шілдеде ауруды 11085 адам жұқтырғанын хабарлады. Яғни бір айдың ішінде індеттің жұғу көрсеткіші 7,5 есеге артқан.
Жалпы қалада жыл басынан бері 19 528 адам коронавирус жұқтырған. Емделіп шыққан науқастардың саны –11 848, 405 науқас қайтыс болған. Қазіргі таңда 7275 науқас емделуде. Емделіп жатқан науқастардың 4 916-сы үй жағдайында амбулаторлық ем алуда. Ал 2 359 науқас ауруханада.
Естеріңізде болса, ағымдағы жылдың сәуір айында қала әкімі Мұрат Әйтенов Шымкентте коронавирустың ықтимал толқынына үш сценарий бойынша дайындық жүргізілуде екенін хабарлаған болатын. Олар «А», «В» және «С» сценарийі. Тиісінше «А» сценарийі бойынша ауруханалардағы төсек-орын саны 1290 орынды қамтитынын, маусымдық эпидемиологиялық жағдай одан да нашарласа «В» жоспарына көшіп, төсек-орын санын 4 016-ға дейін артатынын, ал эпидемиологиялық дағдарыс орын алса, «С» жоспарына шұғыл ауысып 5 416 төсек-орын ашылатынын айта келе, сол кезде қаладағы ахуал бойынша дәрігерлер «А» сценарийімен жұмыс жасап жатқанын, ал «В» және «С» сценарийіне толық дайын екенін айтқан.
Осы аптада болған Үкімет отырысында Мұрат Дүйсенбекұлы қаладағы коронавирустың таралуын алдын алу мен онымен күрес жұмыстары «B» сценарийімен жүріп жатқанын, соған сәйкес, 3 190 төсек-орын жасақталып, онда 2 359 азамат стационарлық ем қабылдап жатқанын хабарлады. Сонымен қатар ол, қаладағы төсек-орындардың толымдылығы 74 пайызды құрайтынын атап өтті. Ал жансақтау бөліміндегі 487 төсек-орындардың толымдылығы 78 пайызға жеткен.
Және де ол апта соңына дейін тағы 980 төсек-орын ашып, оның санын 4170-ке жеткізіп, «С» сценарийіне көшетінін жеткізді.
Қазіргі таңда қалада жедел медициналық шақырулар саны 2500-ге жуықтаған.
Індетке қарсы екпе қабылдау шарасы қарқынды жүруде. Қалада 45 екпе салу нысаны бар. Екпенің бірінші бөлігін 371 543 адам, екінші бөлігін 278 988 адам қабылдаған. Қалада екпе қабылдауы тиіс контингенттің саны 536000 тұрғынды құрайды. Бүгінгі таңда екпенің І-компонентін тиісті контингенттің 68%, ІІ- компонентін 51% қабылдаған. (3-тамыздағы жағдай бойынша)
Бастапқы медициналық көмек көрсету мақсатында 36 емханада 205 мобильді бригада жасақталған. Олар үй жағдайында ем қабылдап жатқан 4 916 науқаспен, коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған 11 658 адамға медициналық қызмет көрсетуде.
Қаланың медициналық ұйымдарында COVID-19 індетіне қарсы екі айлық дәрілік заттар және медициналық бұйымдар қоры бар. Дәріханаларды қосып есептегенде дене қызуын төмендететін дәрілер 1 млн. 261 мың науқасқа, вирусқа қарсы препараттар 217 675 науқасқа, антибиотиктер 313 800 науқасқа, антикоагулянттар 13 383 науқасқа, гормоналды препараттар 53 192 науқасты емдеп шығуға жетеді.
Мониторингтік топтар 20 885 объектіде рейдтік іс-шаралар жүргізген. Нәтижесінде 2 046 хаттама толтырылып, 130 млн.теңге айыппұл салынған. Қаладағы 4748 бизнес субьектісі «Ashyq» жобасына қосылған. Оған келушілердің статусын анықтау барысында 139 қызыл және 229 сары мәртебелі азаматтар анықталған.
Айта кетейік, тамыздан бастап «Ashyq» жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорын мен ұйымдардың қызметі тоқтатылады. Бұл талап орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау ұйымдары, БАҚ, азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарына қатысты емес. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар, кеңселер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдар қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істейді. Сондай-ақ осы айдан бастап бірқатар мекемелерге 12 жастан асқан балалар «Ashyq» арқылы кіргізіледі. Олар компьютер клубтары, цирктер, кинотеатрлар, балалар сауықтыру орталықтары, облысаралық және қалааралық туристік тасымалдар. Бірақ қосымшада тіркелу балалар үшін ерікті болады.