ТҰРАНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС ЖІТІ БАҚЫЛАУДА

Шымкенттегі «Тұран» шағынауданында балалар ойын алаңшасын орнату бойынша құрылыс жұмыстары басталады. Қала әкімінің бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынатын құрылыс жұмыстары туралы Қаратау ауданы әкімі аппараты қызметкерлері «Тұран» шағынауданы тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесуге мердігер мекеме «Назар» ЖШС өкілдері де қатысты. Мердігер мекеме өкілдері тұрғындарға шағынауданда құрылысы бастау алатын балалар ойын алаңшасының эскиздік жобасын таныстырды. Сөйтіп тұрғындармен нақтыланған жоба бекітілді. Айта кетейік, аталған шағынауданда ойын алаңшаларды салу жұмыстары жоспарға сәйкес, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Жалпы Шымкенттегі жаңадан бой көтеріп, қанатын кеңге жайып келе жатқан «Шым-Сити» мен «Тұран» шағынаудандарындағы құрылыс жұмыстарының барысы қала әкімдігінің тұрақты бақылауында. Ондағы құрылыс алаңдарының басында сала жетекшілері және мердігер ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жүйелі түрде жұмыс жиындары өткізілуде.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Шым-Сити» және «Тұран» шағын аудандарындағы құрылыс жұмыстарының қарқынын қала әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұлов қадағалады.
Аппарат басшысы алдымен «Шым-Сити» шағын ауданындағы көпқабатты үйлерге жылу беретін қазандықтың қысқы кезеңге дайындығымен танысты. Модульды жылыту қазандығының жүйесі толық автоматтандырылған, арнайы компьютерлік бағдарлама арқылы басқарылады. Нысан басында қала әкімі Мұрат Әйтеновтің жылыту маусымына дайындықты ұйымдастыру жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.
«Тұран» шағын ауданында қала әкімінің аппарат басшысы құрылыс жұмыстарына жұмылдырылған мердігер ұйымдар өкілдерімен жұмыс жиынын өткізді. Құрылыс штабында өткен кездесуде баспана салу барысында өндірістік кестенің сақталуы, ішкі орамдық жолдардың сапасы, жарықтандыру мәселесі, су жүйелерін жүргізу, аяқжолдар салу және абаттандыру мәселесі бойынша қала басшысының берген тапсырмаларының іске асырылуы пысықталды. Аталған мәселелер бойынша тапсырыс беруші қалалық басқармалар қойып отырған талаптар мен мердігер ұйымдардың орындаушылық тәртібі талқыланды.
Жиын қорытындысымен қала әкімінің аппарат басшысы ішкі орамдық су жүйелері мен абаттандыру мәселелері бойынша жұмысшылар атқарып жатқан істерді зерделеді.