МОБИЛЬДІ ТОП ДӘРІГЕРЛЕРІ НАУҚАСТАРҒА САПАЛЫ ЕМ КӨРСЕТСЕ, АУРУХАНАҒА ТҮСЕТІНДЕР АЗАЯДЫ
Өткен аптаның жұмасында еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Шымкентке арнайы іссапармен келді. Ол үшінші мегаполистегі бірқатар нысанды аралады. Ведомства басшысы жедел жәрдем стансасының қызметкерлерімен, бірқатар емханалардың дәрігерлерімен кездесулер өткізді.
Сонымен қатар оның қатысуымен қалада коронавирус инфекциясына қарсы республикалық штабтың отырысы өтті.
Аталған штаб отырысына қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Шымкент қаласы бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарының басшылары, аудан әкімдері бейне байланыс арқылы қатысты.
Басқосуда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының басшылары қаланың эпидемиологиялық жағдайы туралы төмендегіні баяндады.
Жыл басынан бері мегаполисте 17 мыңнан астам адамнан коронавирус инфекциясы анықталған болса бүгінгі күнге дейін 11 мыңға жуық науқас емделіп шықты. Қазіргі уақытта 5974 адам емделуде, оның ішінде 2 321 стационарда, 3 626 үйде карантиндік режимде. Бүгінгі таңда қалада 3 180 мамандандырылған жұқпалы аурулар төсегі бар. Төсектердің толымдылығы — 73%, бос төсектер – 859 құрайды.(30-тамыздағы жағдай бойынша)
Тұрақтандыру қорынан дәрі-дәрмектер сатып алуға 200 миллион теңге бөлінсе, дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау мақсатында қалалық әкімдік резервінен 5 түрлі дәрі-дәрмек сатып алуға 180 млн.теңге бюджет қаражаты бөлінді.
Жиын соңында Денсаулық сақтау министрі мемлекет барлық бағыт бойынша қолдау көрсетуге дайын екенін айтып, Президенттің медициналық мекемелерді жарықтандыру, науқастарды емдеу әдісін енгізу және басқа да өзекті сұрақтарды шешу бойынша тапсырмаларын орындау жұмыстарын күшейту қажет екенін жеткізді.
Министр Шымкентке келген сапары кезінде №3 қалалық емхананың жұмысымен танысты. Министр алдымен емхананың екпе егу кабинетттерін тексеріп, вакцинациялау жұмыстарының барысын көрді. Айта кетейік, қалада екпе егу кабинеті алғаш рет осы №3 қалалық емхананың базасында ашылған болатын.
Мұнда күніне 500-ден аса адам коронавирусқа қарсы вакцина қабылдайды.
Сондай-ақ, министр емхана жанынан құрылған мобильді бригадалар жұмысымен де танысты. Мобильді топ қызметкерлері емханада тіркелген науқастарға үй жағдайында амбулаториялық медициналық көмек көрсетеді.
Емхананың бас дәрігерімен сұқбаттасқан Алексей Цой мобильді топ дәрігерлері науқастарға көрсетілетін қызметтерді емхана деңгейінде күшейтсе, ауруханаға түсетін пациенттер санын азайтуға болатынын айтып, мобильді бригадалар санын көбейтуді тапсырды. Сонымен қатар министр қаладағы халықаралық стандарттарға сай жарақтандырылған жедел медициналық жәрдем көрсету стансасының байланыс орталығының жұмысымен танысты. Орталықта бір ауысымда 30 диспетчер жұмыс істейді. Өз кезегінде орталықтың бас дәрігер Г. Құрманбекова эпидемиялогиялық жағдайдың өршуіне байланысты қазір жедел жәрдем қызметіне күніне 5000-ға жуық қоңырау келіп түсетінін алға тартты. Соған сәйкес, жедел жәрдем қызметкерлері күшейтілген рижимде жұмыс істеп, науқастарға медициналық көмекті дер кезінде көрсетіп жатқанын атап өтті.
Орталықтың жай-күймен танысқан министр А.Цой пандемиямен күресте алдыңғы шепте жұмыс істеп жүрген жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, оларға өз алғысын білдірді.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрі «Медикер» медициналық орталығының жұмысымен танысты. Орталықты аралап шыққан министр оңалту емін алып жатқан науқастардың жағдайын көріп, мекеме жұмысына сәттіліктер тіледі.