ЖЕДЕЛ ӘРЕКЕТ ЖАРҒА ЖЫҚПАЙДЫ

Кешегі аптадан бастап Шымкент қаласы короновирусқа қарсы күрес бойынша жедел әрекетке көшті. Эпидахуалдың ушығуын алдын алу үшін қала әкімі Мұрат Әйтеновтың төрағалығымен онлайн форматта арнайы жиын өткізілді. Жиында қаланың санитарлық эпидемиологиялық ахуалы талқыланып, қабылданған нақты шешімдер тыңдалды. Алдағы уақытта атқарылатын шаралар пысықталды.

Шымкент қаласында жыл басынан бері коронавирус инфекциясын жұқтырудың 8931 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 7448 адам аурудан айығып шыққан. Ағымдағы жылдың 8-шілдесінде КВИ жұқтырудың 210 жағдайы орын алған. Бұл қалада пандемия басталғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш. Ал 13-шілдеде 342 жағдай тіркелген.
Ауру жұқтырғандардың өсім динамикасы сонғы екі апта ішінде 943 жағдайға жеткен.
Қалада 45 вакцина егу бекеттері ашылып, вакцинаның бірінші компонентін 325 354 адам алған. Бұл тұрғындардың вакцина алатын контингентінің 60 пайызын құрайды. Вакцинаның екінші бөлігі 198 008 адамға егілген.
Эпидемиологиялық ахуалдың қалыптасу динамикасын жіті талдаған қала әкімі Мұрат Әйтенов, індеттің шарықтау шегіне жақындап қалғанын ашық айтты. Соған сәйкес, медициналық ұйымдар мен сала жетекшілерінің бақылауды күшейтіп, белгіленген алгоритм бойынша жедел іс-қимыл жасауға көшу керектігін ескертті. Қаладағы медициналық ұйымдар мен персоналдарының осы күнге дейін індетке қарсы тұру тәжірибесінің толысқанын, ауруханалар мен емханалар қажетті дәрі-дәрмек қорымен, медициналық құрал-жабдықтармен толықтырылғанын атап өтіп, алға қойған жоспарларды жүйелі жүзеге асыруда қолбайлау болар дүние жоқ екенін қадап айтты.
Жауапты тұлғалар мен медициналық ұйымдар жетекшілерінің хабарламаларын тыңдаған қала басшысы, соңғы күндері тіркелген аурудың күрт өсіміне байланысты, қаланың медициналық ұйымдарында реанимациялық төсек-орындар санын екі есе ұлғайту жөнінде тапсырма берді. Коронавируспен күресте медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында №2 қалалық көпсалалы аруханада ковид белгілері бар науқастарға арналған 250 төсек-орын дайындау жүктелді. Осы ұйымға қарасты перинаталдық орталықта жүкті әйелдерге арналған қосымша 30 төсек- орын дайындалуы керектігі атап өтілді.
Сала жетекшілеріне жедел жәрдем бригадаларының жұмысын аумақтарға бөліп, бекіту арқылы тұрғындардан түскен шақыртуларға жедел жетуін ұйымдастыруды бақылауда ұстауды да атап өтті. Медициналық ұйымдардың қабылдау бөлімшелеріне науқастарды алып келген жедел-жәрдем бригадаларын 5 минуттан артық ұстап тұруға болмайтыны жөнінде тәртіп енгізу керектігін ескертті.
Бұдан бөлек қала басшысы медициналық ұйымдардың медициналық препараттар және қорғаныс құралдарымен, өкпе тыныс алу аппараттарымен, кислород баллондарымен, дизельді генераторлармен, тағы басқа жабдықтармен қамтылуын толық бақылауда ұстап, кислород толтыру цехтарымен жүйелі жұмыстар атқаруды міндеттеді.
Қала бойынша мобильді және мониторингтік топтар санын көбейту керектігін айтып, карантин талаптарын өрескел бұзып, халықтың көптеп шоғырлануына жол берген кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жауапкершілік шараларын қатайту мәселесін қарастыруды тапсырды.
Жиын барысында кәсіпкерлік субъектілерінің «Ashyq» жобасына қатысу көрсеткіші төмен екендігі де назарға алынды. Қала бойынша осы жобаға бүгінгі күнге дейін 764 бизнес субъектілері (9-шілдедегі жағдай бойынша) ғана қосылған. Осы ұйымдарға келушілер арасынан 157 адамда «сары», 66 адамда «қызыл» мәртебесі бар екені анықталған.
Осы сандеректерге назар аударған Мұрат Дүйсенбекұлы бұл көрсеткіш өте төмен екендігі және «Ashyq» жобасының мұндай көлемде болуы қала көлеміндегі ахуалды толық көрсете алмайтындығы айтылды. Сөйтіп қала басшысы аудан әкімдеріне, салалық басқарма басшыларына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қалалық филиалымен бірлесе жобаның тиімділігін түсіндіруге арналған ақпараттық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Айта кетейік, Шымкент қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 13- шілдедегі №21 қаулысына сәйкес, сенбі, жексенбі және мереке күндері қалалық қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылады. Базарлардың да жұмысы демалыс күндері шектеледі, тек жұмыс күндері 20:00-ге дейін істейді. Сондай-ақ Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына адамдар көп жиналатын туған күн, мерейтой, құдалық, той, беташар және басқа кез келген іс-шараларды өткізуге тыйым салынды.