ТҮЛКІБАСТЫҚ ШАРУА ҚАРБЫЗДЫҢ ЖАПОНДЫҚ СОРТЫН ЕГУДІ ҚОЛҒА АЛДЫ
Түркістан облысы Түлкібас ауданының тұрғыны Әжібай Сабуров жапон қарбызы «Дэнсукэ» сортын егуді қолға алған. 77 жастағы қария былтыр ресейлік «Волгоград» тұқымын егіп, мол пайдаға кенелген.
«Таулы мекен Түлкібастың ауа-райы Сарыағаш, Жетісай, Шардара сияқты аудандарға қарағанда салқындау болып келеді. Сондықтан да бақша өнімдерінің бұл түрлері бізде егіле бермейді. Ал, қарбыздың «Дэнсукэ» және «Волгоград» атты тұқымдары біздің климатқа төзімдірек болып келеді. Оның өзін ашық алаңқайда емес, жылыжайда өндіріп аламыз. Яғни, тамыр жайып, өнім бергенше өзіне тән күтімді қажет етеді», – деді бағбан қария.
Бүгінде Әжібай ақсақалдың 6 гектар жерінде қауынның 3, қарбыздың 6 түрі жайқалып тұр. Оның сөзінше, қарбыз тамыз айының орта шегінде пісіп жетіледі. Әр гектарынан 30 тоннаға жуық өнім алуды көздеп отыр. Айта кетейік, көпке үлгі болып отырған ақсақал қосымша 3 гектар жерге еккен картобынан, гектарына 40-50 тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап қойған.