ТОҚАЕВ ТЫНДЫРҒАН ТІРЛІК КӨП

немесе елді басқарғанына екі жыл толған Президенттен жұрт не күтеді?

Кешегі аптаның сенбісі яғни, 12-маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қысқа мерзім ішінде өткен Президент сайлауының нәтижесі бойынша ел сеніміне ие болып, Президент лауазымына кіріскеніне тұп-тура екі жыл толды. Ел алдына шығып, халықтың сеніміне селкеу түсірмеуге серт берген Қасым-Жомарт Кемелұлының күнтізбедегі он екі ай екі айналып өткен уақыт өлшеміндегі елеулі жұмыстары қандай?

Біріккен ұлттар ұйымындағы жұмыс тілі болып табылатын алты тілдің (ағылшын, араб, испан, қытай, орыс, француз) төртеуін еркін меңгерген Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы қызметіне кіріскенге дейін Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, кейіннен ведомства басшысы, Үкімет басшысы, Сенат Төрағасы сынды биліктің бұтақтарында абыройлы еңбек етіп, білікті маман ретінде мойындалғанмен, елдің әділ басшысы ретінде өзін көрсетуі ә-дегеннен ақ оңаңға соқпады.
Оның алдында 2019 жылдың 24-маусымында Түркістан облысы, Арыс қаласындағы әскери қоймадан шыққан жарылыстан есеңгіреп қалған елу мыңға жуық халықтың еңсесін тіктеу міндеті тұрды. Арада бірнеше ай өткен соң Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы қақтығыс салдарын жойып, себебін анықтап, мәселеге дәу нүкте қою да Қасым-Жомарт Кемелұлына күрделі шаруа болды. Қызметіне кіріскеніне бір жыл уақыт енді түгесілгелі жатқан шақта, дәлірегі, 2020 жылдың мамыр айында Өзбекстан Республикасындағы бөгеті жарылған Сардоба су қоймасынан аққан қызыл судың Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданындағы тұтас бес ауылды басып қалуы, бұл төтенше жағдайдағы тығырықтан дүйім елді алып шығу Президентке артылған зор жауапкершілік болды. Міне ел басына түскен осындай сын сағаттарда Президент төбелерінен жай түскенге қатты толқып, қорыққан халықтың жанынан табыла білді. Ол қираған, үйіндіге айналған, су астында қалған барлық мүліктер қайта салынып, қалыпты тіршілікке қайта айналып келетін күн жақын екенін айтып, жұртты жұбата білді. Тиісті органдарға тапсырма беріп, мәселені өзі бақылауға алды. Сөйтіп, Арыстағы жарылыстан жарамсыз күйге түскен барлық үйлер, әлеуметтік нысандар сүріліп, қайта салынды. Қордайдағы дүрдараздықтан зардап шеккен нысандар да реттелді. Мақтааралда үйлері қызыл су астында қалған үш ауылдағы ағайын үшін жаңа мөлтек аудан салынып, пайдалануға берілді. Тағы екі ауылда үйлер қайта салынды.
Президент пәрменімен тындырылған, масштабы үлкен тағы бір мәселе банктерден несие алып, оны дер шағында төлей алмаған әлеуметтік жағдайы төмен 600 мыңнан астам қазақстандықтардың 300 мың теңгеден аспайтын банк алдындағы берешегінің кешірілуі еді. Президенттің 2019 жылдың 26- маусымдағы №34 Жарлығымен бекітілген бұл бастамасының арқасында 507 мыңнан астам қазақстандықтың 105 млрд. 107 млн. теңге тұтынышулық несиесі кешірілді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы қызметіне кіріскеннен бастап саяси өзгерістер жасауға ашық әрі батыл кірісіп кетті. Ол «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұтымды жүзеге асырудың нақты қадамы ретінде тың бастамаларды қолға алды. Сөйтіп құрамына беделі мол белсенді, ұстанымы берік, айтары бар азаматтары бар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Бүгінге дейін аталған кеңес бес рет бас қосты. Нәтижесінде 17 заң мен 3 Президент Жарлығы, 29 Үкімет қаулысы мен министрлердің 40-тан астам бұйрығы шығарылды.
«Жас келсе іске» деген қағидаға сүйене отырып, қолынан іс келетін зейіні жан- жақты, танымы терең, көкірегі ояу жас азаматтардың іскерлігін ел дамуы жолында тиімді пайдалану үшін Президент жанындағы кадрлық резерв құрылды. Оның құрамына 300 жас іріктеліп, көпшілігі мемлекеттік басқару құрылымдарына жұмысқа қабылданды.
Сонымен қатар Президент, саяси партияны тіркеу процесін біршама жеңілдетуді жолға қойды. Бұған дейін саяси ұйымды құруға бастамашы болған азаматтардың саны 40 мың болуы тиіс болса, Қасым-Жомарт Тоқаев 20 мың адамның болуы жеткілікті дегенді заңмен шегелеп тастады.
Азаматтардың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жылдар бойы жинап келе жатқан жарналарының белгіленген шекті сомадан асқан бөлігін, баспана алуға жұмсауға, денсаулық жағдайын түзеуге пайдалануына мүмкіндік беретін жағдай жасады. Осылайша БЖЗҚ 313 411 азаматы (10-маусымдағы жағдай бойынша) қордағы қаржысының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдаланды.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің жалақысын сатылап өсіру туралы шешім шығарды. Еліміздегі 1,2 млн шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1-қаңтарына дейін салықтан босатылуын қамтамасыз етті. Осылайша Президент аталған уақыт аралығында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 380 млрд теңге қаражатты үнемдеуіне ыңғай жасады. Сонымен қатар оларды тексеруді уақытша тоқтатуды тапсырды.
Мемлекет басшысының екі жылда атқарған жұмыстарын саралағанда пандемияға байланысты елімізде ең алғаш рет енгізілген төтенше жағдай режиміндегі іс-әрекеттері еске түседі. Төтенше жағдайға байланысты ел аумағы екі ай бойына катаң карантин құрсауында қалды. Сол кезде тұрақты жұмысы мен күнделікті табысынан уақытша қол үзуге мәжбүр болған азаматтарға мемлекеттік бюджет есебінен ең төменгі жалақы мөлшері 42500 теңге төлемақы беру ұйымдастырылды. Нәтижесінде 2 млн 390,9 азаматқа пандемия кезінде төлем жасалды.
Президенттің екі жылдағы еңселі жұмыстарының бір парасын санамалаған кезде екпін түсіріп айта кететіні – жердің шетелдіктерге сатылмайтыны әрі жалға да берілмейтіні туралы мәлімдемесі. Және бұл мәлімдемесінің заңмен айқындалуы болды.
Мемлекет басшысының жұмысын айта берсең тізім түгесіледі. Айталық, соңғы бір жарым жыл ішінде ғылымға бөлінетін қаржы екі есеге артты. Көп күттірмей оның нәтижесіне ел куә болды. Бұл бағытқа бюджеттен бөлінетін қаржының кең пішілуі коронавирусқа қарсы отандық екпенің әзірленуіне оң ықпалын тигізді.
«Мемлекет басқару өнері – өнер атаулының төресі» деген ешкім талас тудырмайтын сөз бар. Елімізде атқарылған осы және өзге де жұмыстарға талдау жасау арқылы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекет басқару өнерін бойына бір кісідей меңгергенін аңғара аламыз. Десе де, ел ішінде әлі шешімін күтіп отырған мәселе жетерлік екені де жасырын емес. Соның бірі азық-түліктің күн сайын қымбаттап, бағаның ырыққа көнбей бара жатқаны. Қымбатшылықтың қыспаққа алуына теңгенің күн сайын құнсыздануы өз әсерін тигізіп жатыр. Міне сондықтан да халық Президенттен төл теңгемізді нығайтуға серпін беретін, әлеуметтік-экономикалық жағдайымыздың артқа емес, алға қарай алшаң басуына жол салатын қадамдар күтеді.

С.ИБРАГИМОВА.