КҮНГЕЙ ҚОРЖЫНЫНДА 15 ЖОЛДАМА БАР
Осы жылдың 23 шілдесі- 8 тамыз аралығында Жапония астанасы Токио қаласында өтетін ХХХІІ-ші Жазғы Олимпиада ойындарына бүгінге дейін күнгейдің 15 спортшысы жолдама жеңіп алды. Оның бесеуі Түркістан облысының сайыпқырандары болса, қалғаны Шымкент спортшылары болып табылады.
Жалпы Токиода өтетін Олимпиада ойындарында ел намысын 6 дзюдошы қорғайды. Халықаралық дзюдо федерациясы олимпиадалық рейтингке сәйкес жолдама алған дзюдошылар тізімін жариялады. Бұл тізімде Түркістан облысының спортшысы Дидар Хамза да бар. Ол 81 келі салмақ дәрежесінде күш сынайтын болады. Түркістандық спортшылар қоржынында Жазғы Олимпиада ойындарының 5 жолдамасы бар. Жолдамаға ие болғандардың қатарында Дидар Хамзадан бөлек, бокстан Сәкен Бибосынов, байдаркада есуден Наталья Сергеева, академиялық есуден Владислав Яковлев және параканоэден Бибарыс Спатай бар. Ал Шымкент қаласының спортшылары Олимпиадаға 10 жолдаманы жеңіп алды.
Мұндай бақытты жолдаманың иегерлері стенд атудан Сәрсенкүл Рысбекова, Кравченко Зоя, оқ атудан Юрий Юрков, былғары қолғап ойынынан Закир Сафиуллин, каратэдан Дархан Асаділов, Данияр Юлдашев, Софья Берульцева, байдаркада есуден Сергей және Тимофей Емельяновтар және көркем гимнастикадан Алина Әділханова.