ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР КІМГЕ ҚАРЫЗ?

Қазақстан да, оның тұрғындары да қарызға батып отыр. Мәселен, ресми дереккөздердегі деректерге сүйенсек, қаңтардағы жағдай бойынша еліміздің сыртқы қарызы 163 миллиард 300 миллион долларын құраған. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5 млрд.қа көп. Берешектің басым бөлігі дәлірегі 44 миллиарды Нидерландыға тиесілі. 

Ұлы дала елі Ұлыбританияға — 23, АҚШ-қа -13, Францияға және халықаралық ұйымдарға 11 млрд. доллардан қарыз. Сарапшылар елдің сыртқы қарызы жалпы ішкі өнімге шаққанда 27 %-дан аспауы керектігін, бірақ Қазақстан бұл шекті мөлшерден асып кеткенін алға тартып, дабыл қағып отыр. Алайда Ұлттық банк қорқатын дәнеңе жоқ деп арқаны кеңге салуда. Еліміздің басты қаржы ұйымы сыртқы несиенің басым бөлігі жекеменшік компанияларға тиесілі екенін алға тартады. Бірақ талап бойынша ол мемлекеттік қарыз болып саналатынын қаперге ілмейді. Мәжіліс депутаттары болса, бір кездері өзге елден алынған сол қарыз қаржының барлығы мақсатты жұмсалмағанын айтып, шыр-пыр. Жуырда Төменгі палата депутаты Ерлан Смайлов осы жылы республикалық қазынадағы 710 миллион теңге Испанияға бір кездері алынған қарызды жабу үшін бағытталатынын, ол ақшаны 2001 жылы «Астана Горкуммунхоз» атты кәсіпорын жаратқанын, бірақ қазіргі таңда аталған мекеме атымен жоқ, яғни банкрот болғанын әуелгі сөзіне негіз ретінде тілге тиек етеді.
Елімізде қазынадағы қаржының біраз бөлігін қарызды жабуға әлек болып жүрген тек Үкімет емес. Қазақстанның көп тұрғыны тапқан табысын несие жабуға жұмсап әлек. Жуырда QazEconomy Telegram-каналы Еуразиялық экономикалық комиссия қаржы статистикасы бөлімінің мәліметтеріне сілтеме жасай отырып, ел тұрғындарының банк алдындағы несиесі 7,1 триллион теңгеден асқанын мәлімдеді. Айтсаң тіл күрмелетін бұл қаржыны долларға шаққанда 16,6 миллиард болады. Берешектің басым бөлігін тұрғын үй кредиттері құрайды. Бұдан ел тұрғындарының банк алдындағы берешегі тиімсіз мақсаттар үшін алынбағанын аңғара аламыз.
Өз кезегінде сарапшылар статистиканы салыстыру үшін Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше барлық елдің (Беларусь, Қазақстан, Ресей, Армения, Қырғызстан) кредиттік берешегін конвертациялады. Нәтижесінде ипотекалық қарыздар бойынша ең көп берешек Ресейде екені анықталды. Көрші ел тұрғындарының банк алдындағы ипотекалық қарызы – 123,2 миллиард долларға жетеді. Екінші орында 5,6 миллиард доллар көрсеткішпен Қазақстан тұр. Беларусьтің бұл бағыттағы берешек 3,8 миллиард долларға жетіп, үшінші орыннан көрініп тұр.
Өкінішке орай, Қазақстанда баспана бағасы жыл сайын емес, ай сайын қымбаттап барады. Еліміздің Статистика бюросы тұрғын үйді алып-сату құны өткен айда 1,7%-ке өскенін мәлімдейді. Ал жаңа үйлердің бағасы 0,8 пайызға шарықтаған. Бюро таратқан ресми мәліметке сүйенсек, сәуірде жаңа үйдің шаршы метрі шамамен 327 мың теңгеден асқан.
Айтпақшы, Еуразиялық экономикалық комиссия қаржы статистикасы бөлімі былтырдың өзінде Қазақстанда ипотека бойынша берешек 600 миллиард теңгеге немесе 1,4 миллиард долларға өскенін атап өтеді. Жоғарыда айтылған үй бағасының көтерілгені туралы мәліметті ескерсек, биыл да бұл көрсеткіш бірнеше есеге ұлғаятын сияқты.

С.НҰРАЙ.