1500-ДЕН АСА ЖАУАПТЫ ТҰЛҒАҒА 100 МЛН.ҒА ЖУЫҚ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Олар карантин талаптарына құлақ аспаған

Шымкентте пандемияға байланысты қабылданған карантиндік талаптар мен шектеулердің сақталуын бақылайтын 24 мобильдік топ жұмыс атқаруда. Аталған мобильдік топтың 2021 жылдың басынан бері жүргізген мониторингтік жұмысының нәтижесінде қалада карантин талаптарын бұзған бірнеше жеке кәсіпкерлік нысандарға, жеке тұлғаларға айыппұл салынып, сауда нысандарының жұмысы тоқтатылды.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 202 жедел хабарламалар бойынша тексерулер жүргізіліп, 188 нысанға 11 870 780 теңге айыппұл салынған.
Тексеру нәтижесі бойынша 26 нысанның ісі әкімшілік сотқа жолданып, 18 нысан бойынша сот шешімі қабылданған. Соттың шешімімен ӘҚБК-нің 462-бабының 3-бөлігі бойынша 13 нысанның жұмысы уақытша тоқтатылған. Олар,
«Қызылжар» шағынауданындағы «Аль-Акрам» тойханасы, Тәуке хан даңғылындағы «KONO HOTEL» қонақ үйінің үлкен залы және «Наурыз 777 (Семь бочек)» мейрамханасы, Бәйдібек би даңғылында орналасқан «Чехов PUBB» кафесі, Жәнібеков көшесіндегі «Туман» лоундж бары, «The-Дым» кафесі, «Бензин» ресто-бары, «Әсем ана», «Омархан ата», кафесі және т.б.
Сонымен қатар, 3 нысанға соттың шешімімен ӘҚБК-нің 462-бабының 3-бөлігі бойынша жалпы сомасы 43 060 теңгеге айыппұл салынған.
Тағы 2 іс өндірістен тоқтатылса, 8 материал әкімшілік соттың өндірісінде.
Мониторинг қорытындысы бойынша жалпы 1596 жауапты тұлғаға (жеке тұлға — 1507, жеке кәсіпкер — 45, заңды тұлға — 8, лауазымды тұлға — 36) хаттама толтырылып, жалпы сомасы 98 143 050 теңгеге айыппұл салынды.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптада Шымкент қаласының эпидемиологиялық ахуалы жөніндегі кезекті штаб отырысы кезінде қала әкімі Мұрат Әйтенов карантиндік талаптарды сақтамаған, соның нәтижесінде жауапқа тартылған және рұқсатнамалары алынып жабылған мекемелер бойынша ақпараттарды ашық жариялау қажеттігін тапсырған болатын.