ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ТЕРЕЗЕДЕН БОЛМАСЫН
Жазым аяқ астында. Қазіргі таңда балалардың терезеден қапелімде құлап кетуі жиі тіркеліп отыр. Төтеншеліктер балаларды жарақат алуға немесе өлімге душар ететін мұндай жағдайлар қалалық жерлерде көп кездесетінін айтады.
Орын алған оқыс жағдайларды саралау кезінде мұндай жазатайым оқиғалардың көбіне балалар ересектердің қарауынсыз қалған сәтте немесе ата-аналардың назарынан тыс қалған уақытта тап болады екен. Осыған орай төтеншеліктер тұрғындарға төмендегідей қауіпсіздік ережелеріне баса мән беруді ескертеді.
Жетекте жүрген балаларды ешқашан жалғыз қалдырмаңыз. Терезеден құлау жағдайының көпшілігі балалар ата-анасының қарауынсыз қалған шақта орын алады. Үйіңізде жиһаздың барлық түрін терезелердан алыс орналастырыңыз. Себебі, балаларыңыз жиһаз арқылы терезе алдына оп-оңай шығып кетуі мүмкін.
Пластик терезелерге қойылатын москит торларына мүлдем сенбеңіз. Олар тек шыбын шіркейді үй ішіне өткізбеуге арналған кедергі екенін ұмытпаңыз. Бірақ москит торлары салмаққа соның ішінде баланың салмағына төтеп бере алмайтынын біліп жүріңіз. Москит торын көріп, балалар өзін қауіпсіз сезініп, оған сүйенуі мүмкін. Мұның соңы неге апаратынын айтудың өзі қиын. Тіпті ең сапалы торлар баланың салмағын ұстап тұра алмайтынын Сіз жақсы білесіз. Сондықтан қайғылы жағдайдың себепкері болмасын десеңіз москит торын мұқият қолданған жөн. Егер бала бөлмеде болса, терезе мен балкон есігін ашпаңыз. Жоғарғы терезелерді немесе желдету режимін қолданыңыз. Терезелерге олардың ашылуына мүмкіндік бермейтін арнайы фиксатор қойыңыз. Бұл баланың терезені бірнеше сантиметрден артық ашуына мүмкіндік бермейді.
Терезенің тұтқасына құлып орнату да қауіпсіздіктің тағы бір ережесі екенін ескеріңіз. Егер сіз балаңызға терезенің алдынан сырттағы көріністі көрсетсеңіз, оны мықтап ұстаңыз. Баланың жылдам қимылына дайын болыңыз. Егер Сіздің үйіңізде терезелерді бекіткіш және сақтандыру жабдығын орнату мүмкіндігі болмаса қам жемеңіз. Бекіткіш тұтқаларды бұрауышпен оңай бұрап, қажет болған жағдайда бірден шығарып алып тастай аласыз.
Үй ішінде балаларға қауіпсіздік туралы кеңесті көп айтыңыз. Отбасындағы үлкен балаларыңызға соңынан ерген кіші бауырларына бас-көз болуын үйретіңіз.
«Уақыт».