ШЫМКЕНТТЕ 324 МЫҢНАН АСА ТҰРҒЫН ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУМЕН ТҰРАҚТЫ ШҰҒЫЛДАНАДЫ
Биыл олардың саны 10 мың адамға артады
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Шымкентте дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтардың саны 324 690 адамға жеткен. Бұл жалпы халықтың 30,6 пайызын құрайды. Биыл бұл межені 31 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын қала тұрғындарының саны өткен жылғыдан 10 мыңнан аса адамға көбейеді.
Бұл туралы қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Тұманбаев ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстары туралы есебінде мәлімдеді.
Басқарма өкілінің сөзінше қалада бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымды дамыту, жоғары спорт шеберлігі және спорт резервін дайындау денешынықтыру және спортты дамытуды іске асырудың негізгі бағыттары екенін атап өтті.
Бүгінде Шымкент қаласында 31 мемлекеттік меншіктегі мекемелер және мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 5 спорт нысаны жұмыс істейді. Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мен жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және бұқаралық спортты дамыту мақсатында қаладағы мектептер арасында футбол, волейбол, баскетбол, шахмат сынды спорт түрлерінен «Шымкент жастар лигасы» өткізілуде. Жастардың бос уақытын барынша тиімді өткізу мақсатында ұйымдастырылған шара екі кезеңге бөлініп ұйымдастырылуда. Алғашқы кезеңде жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары, ал ІІ-кезеңде жоғары және орта арнаулы оқу орындарының спортшылары өзара бақ сынайды.
Аталған жобаға қатысу үшін Шымкент қаласы бойынша 4 спорт түрінен 140 мектептен 536 команда (8 569 жас) өтінім берген. Олар спорттың футбол (ұлдар арасында), баскетбол (ұлдар арасында), волейбол (қыздар арасында) және шахмат (ұлдар, қыздар арасында) түрінен сайысқа түсуде.
Бүгінгі таңда, «Баскетбол» бойынша 8 команда (№23, 33, 42, 1, 29, 45, 8 және №2 «Дарын» мектептері), «Волейбол» бойынша 4 команда (№89, 131, 68, 113 мектептері) финалға жолдама алды. Жарыстар 1-наурыздан бастау алды. Футбол, волейбол, баскетбол спорт түрлерінен жарыстар наурыз-мамыр аралығында өтеді. Ал қыркүйек айында шахматтан сайыс ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, биыл жоғары оқу орындары мен арнайы орта оқу орындары, мектеп оқушылары арасында спартакиада, жасөспірімдер командалары арасында футболдан қала чемпионатын, қыздар арасындағы футбол лигасын өткізу жоспарлануда.